Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел сұлулық салонында қымбат процедура аламын деп күйіп қалған

салон күйік лазер
Фото: magnific.com

Әйел облыс орталығындағы сұлулық студияларының бірінен лазерлік косметология қызметтерінің пакетін сатып алып, оған 132 мың теңге төлеген. Алайда процедура кезінде әйелдің терісі қатты күйіп, термиялық жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйел медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Науқастың күйіп қалғаны медициналық құжаттармен расталған.

Клиенттің айтуынша, салонға алғаш барған кезде процедураны салонда жұмыс істемейтін адам жасаған. Оның мекеме қызметкері емес екенін кейін білген. 

Осыдан кейін әйел салон әкімшілігіне сотқа дейінгі шағым жолдаған. Ол келісімшартты бұзуды, пайдаланылмаған қызметтер үшін төленген 127 мың теңгені қайтаруды және денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді талап еткен.

Алайда салон клиенттің келісімшартты бұзу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

“Біздің мамандар оған құқықтық көмек көрсетіп, туындаған дауды реттеуге жәрдемдесті", – деп хабарлады облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.

Нәтижесінде екі тарап өзара келісімге келіп, клиентке 127 мың теңге қайтарылған.

Департамент өкілдері азаматтарды қызметтер мен тауарларды, әсіресе косметология саласында, мұқият таңдауға шақырды. Сондай-ақ олар жарнаманың жетегінде кетпей, қызмет көрсету шарттарын алдын ала мұқият зерделеуге кеңес берді.

Бұған дейін желіде лазерлік эпиляцияның рак жасушаларын оятатыны туралы ақпарат талқыға түскен еді. Желі қолданушыларының сұрағына онколог дәрігер жауап берді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 08:47