Қазақстандық лазерлік эпиляциядан рак жасушаларын оятып алғанын айтты: Мұндай жағдай болуы мүмкін бе
Қазақстандық Аяулым Нұрали түктен құтыламын деп лезерлік эпиляция жасап, рак жасушаларын оятып алғанын айтты. Ол 8 ай қатарынан лазерлік процедураға барған. Дәрігерлер сырқаттың себебін бірден таба алмаса да, кейін оны лазерлік эпиляцияның салдарынан пайда болды деп көрсеткен. Stan.kz редакциясы лазерлік эпиляцияның қатерлі ісікке әкеп соғатыны рас па, жоқ па онколог дәрігер Диляра Қайдаровадан сұрап, білді.
Желі қолданушысының айтуынша, осыдан 5 жыл бұрын 8 ай қатарынан лазерлік процедураға барған. 2-3 жылға түктен құтылдым деген қуанышының соңы ауыр сырқатқа әкеліп соғатынын білмеген.
Ауру анықталған соң себебін білу үшін шетелдік мамандардың көмегіне жүгінген. Түркияда уақытша химиятерапия қабылдаған. Алайда Қазақстанға оралған соң сырқат өрши бастаған. Дәрігерлер анам немесе апам ауырып, тұқым қуалаған сырқат деп болжаған. Тіпті Өзбекстан мен Ресейге барып, дәрігерлерге тексерілген. Бірақ шетелдік дәрігерлер тек уақытша дәрі тамызумен шектелген.

Шарасыздықтан ол бар мал-мүлкін сатып, Индияның Дели қаласындағы дәрігерлерге қаралғанда сырқаттың себебі – лазерлік депиляция деп көрсеткен.
“Себебін айтқанда тоқтамай жыладым. Дәрігер “лазер жасаған ба едіңіз” деп сұрағанда тек жылай беріппін. Енді тек осы аурумен алысып өтемін, басқа амалым жоқ. 5 жыл бұрын процедура жасатқан салонның мекенжайы өзгерген. Алайда оларды да кінәлай алмаймын, өйткені өз еркіммен барған едім”, – деп жазды желі қолданушысы.
Ол қыз-келіншектерді денедегі түктермен алыспауға, болмай жатса, түктердің тамырымен жойып жібермейтін процедураға баруға шақырды.
Осыған қатысты Президент жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры, гинеколог-онколог Диляра Қайдарова лазерлік эпиляциясы қатерлі ісік жасушаларын оята ма және ол азғаға қалай әсер етеді деген сұраққа жауап берді.
“Лазерлік эпиляция қатерлік ісік тудырмайды. Мұны анықтау үшін ауқымды зерттеулер жүргізілді. Алайда олардың ешбірі расталған жоқ. Эпиляцияға арналған лазерлер иондамайтын сәулеленуді қолданады. Сондықтан олар ДНҚ-ны зақымдамайды және тері жасушаларына да, олардың ДНҚ-сына да зиян келтірмейді. Бұл рентген немесе гамма-сәулелерінен мүлде өзгеше. Өйткені олар ДНҚ-ны тікелей зақымдауы мүмкін және канцерогендік әсері ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ал эпиляция кезінде лазер сәулесін негізінен түктегі меланин сіңіріп, оны жылуға айналдырады. Соның нәтижесінде түк фолликуласы зақымдалады”, – дейді онколог дәрігер.
Алайда ол лазер термиялық зақым келтіретіні және кейде күйік те болуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан бұл процедураны арнайы мамандар жасауы керегін айтты. Маман пациенттің терісін күйдіріп алмау үшін тиісті біліктіліктен өтіп, арнайы оқудан өтуі қажет.
“Денесінде меңі бар адамдарға лазерлік эпиляция жасауға болады. Алайда процедураны жүргізетін маман меңдерді міндетті түрде арнайы құралмен жауып қоюы керек. Қауіпсіздік мақсатында лазерді меңнің үстінен жүргізуге болмайды, эпиляция кезінде меңдерді айналып өту қажет”, – деп ескертті дәрігер.
Аталған жағдайларда лазерлік эпиляцияға сақтықпен қарау қажет:
- Науқас қатерлі ісікке қарсы белсенді ем қабылдап жүрсе;
- Емнің әсерінен теріде айқын уытты өзгерістер пайда болса;
- сәулелік ем қабылдап жүргенде немесе одан кейін тері толық қалпына келмегенде;
- Тері зақымданғанда, қабыну немесе инфекция болғанда;
- Терінің жарыққа сезімталдығы жоғарылағанда;
- Жарыққа сезімталдықты арттыратын дәрілерді қабылдағанда;
- Теріде күмәнді немесе әлі диагнозы анықталмаған түзілістер болса;
- Эпиляция жасалатын аймаққа жақында операция жасалса тәуекелге бармаған абзал.
Дәрігердің айтуынша, ем аяқталып, тері қалпына келіп, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда лазерлік эпиляция жасауға болады. Дегенмен, әсіресе анамнезінде меланома немесе терінің басқа да ісіктері болған науқастар процедураны жасатпас бұрын онкологпен немесе дерматологпен алдын ала келісу керек.
Диляра Қайдарова лазерлік эпиляцияның өзі қатерлі ісік тудыратын процедура болып саналмайтынын еске салды. Қазір лазерлік эпиляцияны жүйелі түрде жасау мутация тудыратынын немесе онкологиялық аурулардың даму қаупін арттыратынын дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ.
“Лазерлік эпиляция жергілікті әсер етеді және гормоналды өзгерістерге әкелмейді. Дегенмен, ауырсыну қатты сезілсе, әйел адам күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ал күйзеліс ағзаға белгілі бір әсер етуі ықтимал. Лазерлік эпиляция гормоналды бұзылыстар тудырады деген пікірдің де ғылыми дәлелі жоқ”, – дейді онколог дәрігер.
Сондай-ақ желіде лазерлік эпиляциядан кейін айлық (менструация) мүлдем келмей немесе тұрақсыз келеді деп жазғандар болды. Алайда дәрігер мұның себебі басқа деп көрсетті.
“Лазерлік эпиляция жергілікті әсер етеді және гормоналды өзгерістерге әкелмейді. Дегенмен, процедура кезінде науқас қатты ауырсынса әйел адам күйзеліске ұшырауы мүмкін. Ал күйзеліс ағзаға белгілі бір әсер етуі ықтимал”, – деп түсіндірді Диляра Қайдарова.
Ол лазерлік эпиляция гормоналды бұзылыстар тудырады деген пікірдің де негізсіз екенін айтты.
Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған