Түркістандық көпбалалы ана үйіне келіп жәрдемақыдан бас тартуды талап еткендерге шағымданды
Түркістанда өзін әлеуметтік қызметкерміз деп таныстырған екі әйел тұрғынның үйіне барып, оны жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуға шақырған. Айтуынша, олар тұрғынның үйі мен көлігі бар екенін алға тартып, оны жағдайы жақсы отбасылар санатына жатқызған. Түркістандық әйел қызметкерлер отбасының кірісін есептегенімен, шығынын, соның ішінде несие төлемдерін ескермегенін жеткізді. Сондай-ақ ол әйелдердің бірі өзін рұқсатсыз видеоға түсіргенін айтып, жеке деректерінің бөгде адамдардың қолына қалай түскеніне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістандық Әсел есімді тұрғынның айтуынша оқиға 18 қазанда болған. Сол күні үйіне таныс емес екі әйел келген.
"Олар өздерін Түркістан қаласындағы жәрдемақы мен зейнетақы тағайындау басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырды. Сосын менен: "Сіз көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы аласыз ба?" деп сұрады. Олар менің қанша балам бар екенін де білмейді. Сөйте тұра маған “сіз А категориясындағы отбасына жатасыз" деді. Сосын "неге олай жатқыздыңыздар?" — десем, "Сізде мынадай үй бар, сізде машина бар", деп мен тұрып жатқан үйді көрсетті”, – деп баяндады ол.
Дегенмен Әсел тұрып жатқан үй өзінікі емес екенін, ал көліктің несиеге алынғанын жеткізген.
“Сонда да олар қаңтар айына дейін осы көмектен өз еркіңізбен бас тартуыңыз керек", деді. Мен оларға: "Сіздер табысымды есептепсіздер, ал менің шығындарымды неге есептемейсіздер? Мен қанша несие төлеп жатырмын? Менің ерекше күтімді қажет ететін балам бар. Ол коррекциялық орталыққа барады. Оның шығындарының барлығын өзім төлеп отырмын ғой. Оның үстіне, мен қазір декреттегі анамын. Маған қазір балам бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ақша да берілмейді. Қазіргі қолымдағы табысым — төрт балама берілетін жәрдемақы мен жолдасымның айлық жалақысы ғана екенін түсіндірдім”, – деп қосты тұрғын.
Түркістандық әйел бұдан соң қызметкерлердің бірі өзін жасырын түрде видеоға түсіріп отырғанын байқаған. Бұл оның алаңдаушылығын тудырған.
“Сонда кез келген департаменттің, басқарманың немесе әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің қызметкері үйіңе келіп, ешқандай құжат көрсетпей, рұқсатыңсыз видеоға түсіре бере ме? Ол кісілер маған: "Сіз нақты жауап беріңіз. Қаңтар айында сізге хабарлама келген кезде көмектен бас тартасыз ба, әлде бас тартпайсыз ба? Басшымыз бізге нақты жауап алып келуді тапсырды", деді. Сонда бұл мемлекеттің тапсырмасы болды ма? Не болды? Мен мұны мүлдем түсінбедім. Неге менің мекенжайым, аты-жөнім және басқа да жеке деректерім осындай адамдардың қолында жүр? Олар маған ешқандай қызметтік куәлік көрсеткен жоқ. Өздерін растайтын құжат та ұсынбады. Екеуі де тіпті өздерін дұрыс таныстырған да жоқ”, – деп баяндады ол.
Әйел бұл жағдай туралы таныстарынан хабарласып сұраған.

“Таныстарым олардың үйлеріне де осындай адамдар келіп жүргенін айтты. Сонда бұл қалай болғаны? Біздің жеке мәліметтеріміз кез келген адамның қолында жүре бере ме? Ешқандай түсініктеме берместен келіп, "Сіз А категориясындағы отбасына жатасыз" дей салса, біз барлық көмектен бас тартып, "Жарайды, қажет емес" деп кете беруіміз керек пе? Осы сұраққа енді кім жауап береді?”, – деп сұрады ол.
Әйелге кейін басқа адамдар да үйлеріне осындай қызметкерлер барып жатқанын айтқан.

Жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Түркістан облысының еңбек инспекциясынан мұндай тексерістің не үшін болғанын сұрады. Дегенмен ведомство мұндай қызметкерлерді болып-болмағанын іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Ведомство алдағы уақытта олардың кімдер екенін анықтап жауап беретінін алға тартты.
Жәрдемақыға байланысты
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысына сәйкес, әлеуметтік төлемдерді тағайындағанда отбасының материалдық жағдайы ескеріледі.
Қаулыға сәйкес, тұрмыс деңгейі жоғары "А" және ауқатты "В" санатына жататын отбасыларға аталған төлемдерді тағайындамау көзделген. Ал жәрдемақы алып жүрген отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, осы санаттардың біріне өтсе, төлемі тоқтатыла тұрады.
А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары отбасылар. Бұл санатты анықтау үшін белгілердің кемінде екеуі қатар болуы қажет. Бір адамға шаққандағы айлық кіріс 356 мың теңгеден басталғанда, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі болғанда, ірі бизнес және люкс санатындағы автокөлік болғанда әл-ауқаты жоғары деңгейдегі отбасыға жатады. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерінің болуы да ескеріледі. Бұл санатқа 329 мың немесе 5% үй шаруашылықтары жатады.
Егер отбасының материалдық жағдайы кейін нашарлап, ай сайын жүргізілетін бағалау нәтижесінде әлеуметтік көмек алуға сәйкес санатқа өтсе, жәрдемақыны қайта төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Қазір Қазақстанда көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан беріледі. Төрт және одан көп баласы бар, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін отбасылар бұл төлемді алуға құқылы.
2026 жылы төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге, бес баласы барлар 86 673 теңге, ал алты баласы барлар 104 017 теңге алады. Жеті баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 121 360 теңге болып белгіленген.
Бұдан кейін қазақстандық көпбалалы отбасылар ай сайын алатын жәрдемақыларынан бас тарта бастаған еді.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді