Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің бір акциясын сыйламақ
Илон Маск 2027 жылы АҚШ-тағы әр балаға өзі иелік ететін SpaceX аэроғарыш компаниясының бір акциясын сыйлауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Алайда бағалы қағаздарды нақты қашан және қалай табыстайтынын әзірге түсіндірмеді.
“Келесі жылы Америкадағы әр балаға SpaceX-тегі өз акцияларымның біреуін сыйлаймын. Бұл осындай бастамалардың алғашқысы болмақ”, – деп жазды Маск.
Маск акцияны нақты қай балаларға беретіні және оларды қалай үлестіретіні туралы әзірге мәлімет бермеген. Сонымен қатар бұл бастама Дональд Трамп әкімшілігі құрған балаларға арналған Trump Accounts инвестициялық шоттар бағдарламасымен байланысты ма, ол жағы да белгісіз.

АҚШ Санақ бюросының дерегінше, елде 18 жасқа толмаған шамамен 72,1 миллион адам тұрады. Олардың әрқайсысына SpaceX-тің бір акциясы берілсе, сыйлықтың жалпы құны шамамен 10,5 миллиард долларға (4,75 триллион теңге) жетуі мүмкін. Алайда бұл есеп АҚШ-та тұратын барлық кәмелетке толмаған баланы, соның ішінде азаматтығы жоқ балаларды да қамтиды. Ал Маск акция алушыларға қойылатын талаптарды әлі жариялаған жоқ.
SpaceX компаниясының АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) тапсырған құжаттарына сәйкес, 2026 жылы 30 маусымдағы жағдай бойынша Масктың иелігінде компанияның 6,42 миллиард акциясы болған. Бұл санға трасттар арқылы иелік ететін, айналымға шығарылуы шектелген және опциондарды іске асыру арқылы алуға болатын акциялар да кіреді. Егер 72 миллион акция таратылса, бұл кәсіпкердің иелігіндегі акциялардың 1%-ынан сәл ғана асады.
Маск бұл мәлімдемені жасардан аз уақыт бұрын жасанды интеллект әзірлеумен айналысатын Anthropic компаниясының бастамасын сынға алған. Claude жасанды интеллект моделін әзірлеген Anthropic компаниясы өз акцияларының кемінде 5%-ын арнайы қорға беруді жоспарлап отыр. Бұл қор коммерциялық емес ұйымдарды қаржыландыруға және халықтың жекелеген топтарына көмек көрсетуге жұмсалады.
“Акцияларды тікелей халыққа беруге кеңес беремін”, – деп жазды Маск Anthropic бастамасына қатысты.
Шамамен 12 сағаттан кейін ол SpaceX акцияларын балаларға тарату жоспарын жариялады. Дегенмен бұл шешім бәсекелес компанияның бастамасына жауап ретінде қабылданды ма, ол жағы тағы белгісіз.
Бұған дейін SpaceX президенті Гвинн Шотвелл мен оның жұбайы АҚШ-тағы 2 миллионнан астам баланың инвестициялық шотына компаниядан бір акциядан аударуға ниетті екенін мәлімдеген. Trump Accounts бағдарламасы аясында бұл шоттарға салынған акциялар кемінде бес жыл сақталуы керек.
Илон Масктың байлығы 908,5 миллиард долларға бағаланады. Ол – әлемдегі ең бай адам.
Маск қайтадан Ақ үйге оралмақ
Биыл қыркүйектің соңында Масктың АҚШ үкіметімен ынтымақтастығы қайта жанданды. Пентагон басшысы Пит Хегсет оны болашақ соғыстарға қажет технологиялар мен қару-жарақты зерттейтін Project Meridian жобасының тең жетекшісі етіп тағайындады. Жоба 120 күнге жоспарланған, оның қорытындысы бойынша АҚШ әскери күштеріне ұсыныстар әзірленеді. Осылайша, Маск мемлекеттік қызметтен кеткеннен бір жылдан астам уақыт өткен соң Трамп әкімшілігімен ресми деңгейде қайта жұмыс істей бастады.
Илон Маск Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғаннан кейін, 2025 жылы қаңтарда АҚШ үкіметіндегі мемлекеттік шығындарды қысқартуға бағытталған DOGE департаментінің жұмысына араласа бастады. Ол Трамптың кеңесшісі ретінде федералдық мекемелердің шығындарын азайтуға және мемлекеттік аппаратты ықшамдауға күш салды.
2025 жылы мамырдың соңында Маск әкімшіліктегі қызметінен кетті. Бұған мемлекеттік шығындарды қысқарту жұмысына қатысты келіспеушіліктер мен Трамптың салық заңнамасына қатысты сын-пікірі әсер етті. Ол кейін Tesla мен SpaceX компанияларына көбірек көңіл бөлетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Америкалық кәсіпкер, Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы Elon Musk әлем тарихындағы алғашқы триллионер атанғанын жазған едік. SpaceX компаниясының IPO нәтижесінде 75 миллиард доллар инвестиция тартуы оның байлығын 1,1 триллион доллардан асырып, жаңа қаржылық рекорд орнатқан.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді