Илон Маск Қазақстандағы бес адамның Starlink көмегімен құтқарылғанына назар аударды
Илон Маск Қазақстандағы құтқару операциясына назар аударды. Шығыс Қазақстанда тауда көлігі бұзылып, байланыссыз қалған бес адам Starlink спутниктік интернетінің көмегімен құтқарушылармен байланысқа шыққан. Бұл оқиғаға пікір білдірген миллиардер "Starlink адам өмірін құтқарады" деп жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тeslarati.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға қазан айында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында болған. Бес аңшының көлігі Қыстау-Күршім ауылынан шамамен 15 шақырым жерде бұзылып қалған. Бұл маңда ұялы байланыс болмағандықтан, олар Starlink спутниктік интернеті арқылы құтқарушыларға хабар берген. Осылайша құтқару қызметі олардың нақты қай жерде екенін анықтаған. DogeDesigner парақшасындағы осы оқиға туралы жазбаны жексенбі күні түске дейін 500 мыңнан астам адам көрген.
Құтқарушылар оқиға орнына қар мен батпақта жүруге арналған "Трэкол" көлігімен жеткен. Олар шамамен 100 шақырым жол жүріп, кейін бұзылған көлікті ауылға дейін сүйреп жеткізген. Бес адамның ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Ол кезде өңірде ауа райы қатты бұзылып, дауылды ескерту жарияланған. Құтқару қызметі тұрғындарды аса қажет болмаса елді мекендерден шықпауға шақырған. Қолайсыз ауа райы көршілес Қойған ауылдық округінде де қиындық туғызған: электр желілерін жөндеп жүрген коммуналдық қызметтің жеті жұмысшысын қауіпсіз жерге көшіруге тура келген.
Айта кетейік, Илон Маск осы аптада X әлеуметтік желісінде "Starlink адам өмірін құтқарады" деген жазбаны кемінде үш рет жариялаған. Ол мұндай пікірін 5 және 7 қарашада да қалдырған.
Қазақстанда Starlink интернеті тек төтенше жағдайда ғана емес, білім саласында да қолданылады. Teslarati басылымының 2024 жылғы дерегінше, компания елдегі 1879 мектептің 1731-ін спутниктік интернетпен қамтамасыз еткен. Сол кезде Білім министрі бұл қызмет мектептердегі интернет сапасын жақсартуға мүмкіндік бергенін айтқан.
Starlink-тің адам өмірін сақтап қалуға көмектескен жағдайлары бұған дейін де тіркелген. Әсіресе ұялы байланыс ұстамайтын немесе байланыс желілері істен шыққан аймақтарда оның пайдасы тиген.
Мысалы, "Милтон" дауылы кезінде Флорида штатының қаржы директоры Джимми Патронис Starlink іздеу-құтқару топтарының жұмысын жеңілдеткенін айтқан. Ал "Хелен" дауылынан кейін SpaceX пен T-Mobile Солтүстік Каролинада Starlink Direct to Cell қызметін іске қосқан. Соның арқасында тұрғындардың телефондарына төтенше жағдай туралы ескертулер жіберілген.
SpaceX спутниктік интернетті арнайы антеннасыз-ақ пайдалануға мүмкіндік беретін Starlink Mobile жобасын дамытып жатыр. Осы аптада компания АҚШ-та құруды жоспарлап отырған 5G желісіне қажетті негізгі жабдықтарды жеткізу үшін Qualcomm-ды таңдады. Жаңа желі келесі буындағы Starlink спутниктерімен біріктірілмек.
Еске салсақ, Илон Маск Tesla енді Cybertruck көлігін шығармайтынын мәлімдеген еді. Өйткені ерекше пішінімен жұрт назарын аударған бұл көлік көп сұранысқа ие болмаған.
