Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш мәйіт үйінен табылды": Польшада ер адам көшеде оқ жаудырып, салдарынан 6 адам қаза тапты

қылмыс
Фото: Видеодан скрин

Польшаның Краков қаласының орталығында 24 жастағы ер адам кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырды. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жараланды. Зардап шеккендердің арасында екі полицей мен шабуыл жасаған ер адамның өзі де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Полиция мәліметінше, ер адам көлікпен Бас базар алаңын айналып жүріп, адамдарға оқ атқан. Кейін Әулиелер алаңындағы трамвайды да атқылаған. Полицейлермен атыс болған соң күдікті ұсталды. Оның көлігінен бірнеше атыс қаруы мен оқ-дәрі табылған.

Кейін күдіктінің Островец-Свентокшиски қаласындағы үйін тексеру кезінде екі әйел мен бір ер адамның мәйіті анықталды.

Польша Ішкі істер министрі Марцин Кервиньскийдің айтуынша, күдікті – 24 жастағы Польша азаматы. Ол әсіре оңшыл идеологияға қызығушылық танытқан. Министрдің сөзінше, ер адам шабуыл кезінде камуфляж кигенімен, әскери қызметте болмаған. Оның атыс қаруын иеленуге рұқсаты болған. 

шабуыл
Фото: dw.com

Польша билігінің мәліметінше, Краков қаласында адамдарға оқ атқан күдікті әсіре оңшыл идеологияны ұстанған. Ел премьер-министрі Дональд Туск оқиғаны террорлық әрекет деп бағалады. 

“Полиция мен арнайы қызметтер қылмыстың егжей-тегжейін және шабуыл жасаған адамның әрекетіне не себеп болғанын мүмкіндігінше тезірек анықтау үшін бар күшін салады”, – деді Дональд Туск.

Қаза тапқандар арасында Ұлыбританияның бір азаматы мен үш поляк бар. Ал жараланғандар Германия, Аустрия, Португалия, Ұлыбритания және Ресей азаматтары екені белгілі болды.

шабуыл
Фото: dw.com

Күдіктіні ұстау кезінде ол жараланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Краков қаласының әкімі Лукаш Гибала 11 қарашаға дейін қалада аза тұту жариялады.

Польша басылымдарының мәліметінше, күдікті Островец-Свентокшиски қаласының тұрғыны, есімі Михал О. болуы мүмкін. Onet басылымының жазуынша, оның атыс қаруының екі түрін иеленуге рұқсаты болған.

Күдікті 52 жастағы әкесінің атына тіркелген Subaru көлігін жүргізген. Басылым дерегінше, оның әкесі 11 атыс қаруын иеленеді. Оларды алып жүруге рұқсаты бар. Бұған дейін әкесі де, баласы да қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Польшада бірнеше күн ішінде мектепке үшінші рет қарумен шабуыл жасалғаны туралы жазған едік. Салдарынан үш адам зардап шеккен. 

Ол кезде 21 жастағы студент Варшавадағы ересектерге арналған мектептердің бірінің аумағында 17 жастағы екі қызға және 24 жастағы әйелге жарақат салған. Олардың бірін жарақаттарымен ауруханаға жеткізген. Қалған екеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 12:19