"Бэтменнің" аңызға айналған мотоциклі аукционға шығарылды: Бастапқы бағасы жарты миллиард теңге
Кристиан Бейл сомдаған Бэтменнің Готэм көшелерінде мінген әйгілі Batpod мотоциклі жақында жаңа иесін табуы мүмкін. Ол Лондонда өтетін аукционда сатылымға шығарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кристофер Ноланның "Қара сері" (Темный рыцарь – ред.) және "Қара рыцарь: Аңыздың оралуы" фильмдерінде пайдаланылған түпнұсқа мотоцикл аукционға қойылды. Ұйымдастырушылар оны 900 мың фунт стерлингке (шамамен 540 миллион теңге) дейін сатуды көздеп отыр.
Фильм түсірілімі үшін мұндай мотоциклдің бар болғаны алтауы жасалған. Ал аукционға қойылған нұсқаның ерекшелігі – Warner Bros. студиясы оны жеке коллекционерге сату үшін ресми түрде шығарған жалғыз экземпляр.
Batpod мотоциклін жасауға режиссер Кристофер Нолан, қоюшы-суретші Нэйтан Кроули және визуалды эффектілер маманы Крис Корбулд қатысқан. Оған көлемі 750 текше сантиметр Honda қозғалтқышы мен диаметрі 31 дюймдік алып дөңгелектер орнатылған. Ерекше құрылымына байланысты оны басқару оңай болмаған. Тіпті кәсіби каскадерлердің өзі мотоциклді тізгіндеуде қиындыққа тап болған.

Propstore аукцион үйінің негізін қалаушы Стивен Лейннің айтуынша, түсірілім кезінде мотоцикл бірнеше рет басқарудан шығып кеткен. Бір жолы тіпті түсірілім камерасымен соқтығысқан. Бұл сәт бейнежазбаға түсіп қалған.
Propstore аукционы 2026 жылғы 4–6 желтоқсан аралығында өтеді. Мотоциклдің бастапқы бағасы 450 мың фунт стерлингке (шамамен 270 миллион теңге) бағаланған. Ал ең жоғары бағасы 900 мың фунтқа дейін жетуі мүмкін.
Аукционда "Бэтмен" фильмдерінде Кристиан Бейл мен Вэл Килмер киген түпнұсқа костюмдер, "Индиана Джонс" фильмдеріндегі реквизиттер және "Тақтар ойыны" сериалындағы Ұзын тырнақ қылышы да сатылымға ұсынылады.
Жалпы, танымал фильмдер мен сериалдардан алынған 1400-ден астам зат аукционға қойылады.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па