Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкімге көрсетпей, оңаша жылап аламын": Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жарын еске алды

Ләйлә Сұлтанқызы күйеуімен
Фото: Instagram.com/sultankyzy

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы өмірден өткен жолдасы Қайрат Беркімбаевты еске алып, жан сырын ақтарды. Ол жарының қазасынан бері төрт жыл өтсе де, сағынышы басылмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм күйеуіне арнап жазба жариялады. Ол уақыт адамның қайғысын жеңілдетпейтінін, тек жақынын сағынып өмір сүруге үйрететінін жеткізді.

“Қарашаның ызғары… Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл… Өзіңсіз төрт күз, үш қыс, төрт көктем өтті. Бірақ сен кеткен қарашаның ызғары бәрібір жүрегімізден кеткен жоқ… Уақыт емдемейді екен. Тек сағынышпен өмір сүруді үйретеді. Оңай емес… Қатты қиналған сәттерде ешкімге көрсетпей, кейде оңаша жылап аламын. Шыным”, – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Сондай-ақ ол кейде марқұм жарымен ойша сөйлесіп, отбасының жаңалықтарын айтып, сырласатынын жасырмады.

Балалары Сағадат пен Сардардың өсіп келе жатқанын, жиен немересі Таймастың дүниеге келгенін және үлкен немересі Ажардың шетелде білім алып жүргенін жазды.

“Ағайын-туыс аман. Сені сағынышпен еске алып, үнемі дұғасына қосып жүретін жақындарың бар. Соның бәріне шүкіршілік етемін. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Алла алдынан жарылқасын”, – деп жазбасын аяқтады тележүргізуші.

Еске салайық, Ләйлә Сұлтанқызының жары Қайрат Беркімбаев 2022 жылы өмірден өткен еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 07 Қараша, 2026 14:30