Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбритания ханзадасының әйелі Меган Марклдың әкесі балалар порнографиясын сақтады деген күдікпен ұсталды

меган маркл әкесі (1)
Фото: коллаж Stan.kz

АҚШ тергеушілері Лос-Анджелес маңындағы қоймадан табылған материалдардың шығу тегін анықтап жатыр. Меган Марклдың әкесі Томас Маркл бұл қоймалардың екеуін де 2008 жылдан бері жалға алып келген. Табылған заттардың арасында балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық бейнеленген суреттер болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тінту кезінде тергеушілер фотослайдтар, негативтер мен кітаптарды қоса алғанда, шамамен 78 затты тәркілеген. Қазір мамандар олардың мазмұнын зерттеп, материалдардың қайдан шыққанын анықтап жатыр.

Тергеуге Филиппиннен табылған басқа заттар себеп болған. Қазан айында Томас Марклдың кіші ұлы Томас Маркл-кіші Ұлыбританияның The Sun басылымына берген сұхбатында әкесінің Себу қаласындағы бұрынғы үйіндегі заттарды реттеп жүріп, қораптардың ішінен күмәнді материалдар тапқанын айтқан.

Филиппин билігіне компьютерлер, телефондар, қатты дискілер мен бейнекассеталар салынған төрт қорап тапсырылған. Елдің ішкі істер министрі Джонвик Ремулья ақпарат тасымалдағыштардан кәмелетке толмағандар бейнеленген шамамен 7500 фотосурет пен бір видео табылғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, суреттердегі кейбір балалардың жасы 10–11 шамасында.

Тергеушілер құрылғылардың кімге тиесілі болғанын және бұл материалдарды сақтауға кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін анықтап жатыр. Полиция Томас Маркл-кішінің де бұл іске қатысы бар-жоғын тексеруде.

Томас Маркл тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды жалған деп атады. Қызы Саманта да әкесін қорғап, бұл оқиғаны әдейі ұйымдастырылған деп санайтынын мәлімдеді.

Меган Маркл бұған дейін 2018 жылы Лондон полициясына әкесіне қатысты айыптаулар жазылған хат түскенін айтқан. Оның сөзінше, сол кезде құқық қорғау органдары бұл ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлаған. Осы оқиғадан кейін Меган әкесімен арақатынасын шектеп, оның балаларымен араласуына жол бермеуге шешім қабылдаған.

Томас Маркл АҚШ телеарналарында жарық қоюшы болып жұмыс істеген. Ол "Басты аурухана" (General Hospital) телехикаясындағы еңбегі үшін күндізгі "Эмми" сыйлығын екі рет алған. 2018 жылы қызы Меганның ханзада Гарриге үйлену тойына қатыспады. Ал 2020 жылы ерлі-зайыптылар корольдік отбасының ресми міндеттерін атқарудан бас тартты.

Назархан Уән
Сенбі, 07 Қараша, 2026 13:18