"25 жылдық еңбегім еленді": Әзілкеш Данияр Жұмаділов "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды
Танымал әзілкеш, актер Данияр Жұмаділов “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, өнер жолындағы 25 жылдық еңбегінің бағаланғанын айтты. Данияр Жұмаділовтің сөзінше, мемлекеттік марапат оған Президент Жарлығымен берілген. Медальді мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев табыстаған.
“Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың қолынан “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталуым – мен үшін үлкен құрмет әрі өнер жолындағы еңбегіме берілген баға деп білемін”, – деп жазды ол.
Өнер иесі ширек ғасыр бойы қазақ өнерін шетел сахналарында дәріптеп, еліміздің мәдениетін танытуға үлес қосқанын атап өтті.
Сондай-ақ еңбегінің жоғары бағалануы өзі үшін ерекше қуаныш екенін жеткізді.
“Өнер жолында 25 жыл бойы адал қызмет етіп, шетел сахналарында қазақ өнерін дәріптеп, еліміздің абыройын асқақтатуға қосқан еңбегімнің еленіп, жоғары бағалануы – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш!” – деді Данияр Жұмаділов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Данияр Жұмаділов бұл марапатты тек өзінің емес, өнер жолында бірге еңбек еткен әріптестері мен қолдау көрсеткен жандардың да ортақ жетістігі деп бағалады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Анара Батырханның Республика күніне орай “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталуына наразылық білдіргені хабарланған еді. Желі қолданушылары Анара Батырханның TikTok желісінде тікелей эфирлер өткізіп, халықтан ақша сұраумен танымал екенін айтады. Олардың арасында блогердің еңбегін ұстаздар мен дәрігерлердің көпжылдық қызметімен салыстырғандар да бар. Олардың пікірінше, қоғам игілігі үшін жылдар бойы еңбек етіп жүрген мамандардың да еңбегі лайықты бағалануы керек.
Марапатқа қатысты сын көбейгеннен кейін Анара Батырхан марапат алғаны туралы жазбасының пікірлерін өшіріп, пікір қалдыру мүмкіндігін жауып тастаған.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па
