Қазақстанда "Ерен еңбегі үшін" медалі кімдерге беріледі, талаптары қандай
Республика күніне орай Қазақстанда бірқатар азамат мемлекеттік марапатқа ие болды. Алайда награда алған кей тұлғалар желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Желі қолданушылары “Ерен еңбегі үшін” медалі кімдерге және қандай еңбегі үшін берілетінін сұрап, жазба арнап жатыр. Осы орайда Stan.kz мемлекеттік награданың қандай талаптар бойынша берілетінін анықтап көрді.
“Ерен еңбегі үшін” медалі қандай талаптармен беріледі?
Қазақстанда “Ерен еңбегі үшін” медалі экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін беріледі. Бұл талап “Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы” заңның 21-бабында көрсетілген.

Медаль кімдерге беріледі?
Заңға сәйкес, марапат мына салалардағы еңбек жетістіктері үшін беріледі:
- Экономика саласында – елдің экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға;
- Әлеуметтік салада – қоғамның әл-ауқатын арттыруға үлес қосқан мамандарға;
- Ғылымда – ғылыми жетістіктері бар азаматтарға;
- Мәдениетте – мәдениеттің дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға;
- Мемлекеттік қызметте – қызмет барысында еңбек жетістіктеріне қол жеткізген азаматтарға.
Марапатқа ұсыну тәртібі қандай?
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы” заңның 4-бабына сәйкес, мемлекеттік наградаларға ұсыныстарды президентке Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгізеді. Ал мемлекеттік наградалармен марапаттауды Президент жүзеге асырады.
Заңның 7-бабында наградалар жөніндегі ұсыныстарды алдын ала қарап, дайындау үшін президент жанынан Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия құрылатыны жазылған.
Еңбек өтіліне қатысты нақты талап бар ма?
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы” заңының 21-бабында “Ерен еңбегі үшін” медалін алу үшін міндетті түрде қанша жыл еңбек ету керегі көрсетілмеген. Сонымен қатар бұл бапта үміткердің жетістігін бағалайтын нақты сандық көрсеткіштер белгіленбеген.
Кімдер сынға ұшырады?
Қоғамда қызу талқыланған жайттардың бірі — Абай облысы әкімі Берік Уәлидің марапаттауы. Ақпаратқа сәйкес, әкім “Абай Ақпарат” басылымында жұмыс істейтін 23 жастағы журналист Замира Мұрсалимованы "Ерен еңбегі үшін” медалімен марапаттаған.
Бұл марапат желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі журналистің қандай еңбегі үшін мемлекеттік награда алғанын сұрады. Енді бірі өмірін белгілі бір салаға арнаған азаматтардың еңбегі қаншалықты бағаланып жатқанын сөз етті.
“Абай облысының әкімі Берік Уәли басқа да азаматтармен қатар, көпшілікке аса танымал емес “Абай Ақпарат” басылымының 23 жастағы журналисі Замира Мұрсалимованы күтпеген жерден “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапаттады. Ал енді бүкіл өмірін ауыр мамандыққа арнап, бірде-бір награда немесе медаль алмаған адамдардың күйін елестетіп көріңіз. Өңірлерде марапатталғандардың тізіміне қарасаң, медальдар мен наградалардың қадірі кетіп бара жатқандай әсер қалдырады”, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
“23 жастағы журналистің еңбегі елге сіңді ме?”
Желі қолданушыларының бір бөлігі жас мамандарды марапаттауға қарсы емес екенін айтты. Десе де “Ерен еңбегі үшін” медалін екі-ақ жыл еңбек өтілі бар маманға бергеніне таңғалды.
“23 жастағы журналист қыз екі жылға жуық еңбек өтілімен “Ерен еңбегі үшін” медалін алыпты. Мен онда он жыл мұғалім болып істеген еңбек өтіліммен “Халық Қаһарманы” атағынан үміттенсем бола ма?”, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

90 жастағы әже мен 23 жастағы маман...
Желіде ұзақ жыл еңбек еткен азаматтар мен еңбек жолын енді бастаған мамандарға бірдей награданың берілуі орынсыз екенін айтқандар болды.
“Мемлекеттік награданың құны қалмады ғой. 23 жастағы қыз университет бітіргеніне екі жыл болған шығар әрі кетсе. Ал 90 жастағы әже бар ғұмырын еңбек етуге арнаған адам. Екеуінің алған марапаты бірдей — “Ерен еңбегі үшін” медалі. Бұл жерде қыздың кінәсі жоқ шығар. Марапатқа ұсынған адамдар қандай өлшемдерге сүйенді екен?” — деп жазды қолданушы.
Бұл пікірде де марапат иесінің жеке басынан гөрі, оны наградаға ұсынған кезде қандай негіздер ескерілгені туралы мәселе көтерілген.
“Стримда отырғаны үшін алды ма?”
Блогер Анара Батырхан да “Ерен еңбегі үшін” марапатын алғаны үшін желіде сынға ұшырады. Желі қолданушылары оған марапаттың неге сүйеніп берілгенін сұрады.
“Бұл қай еңбегі үшін алды бұл марапатты? Мемлекет үшін не істеді? Өлең айтып, халықаралық конкурста жеңді ме? Стримда отырып, халықтан донат сұрап отырғаны үшін алды ма? Мұғалімдер, дәрігерлер неге алмайды? Халыққа білім беріп отырған мұғалім, ауырғанды емдейтін дәрігер, төтенше жағдай қызметкерлері алсын. Елде қиын жағдай болса, көмекті осы үш мамандық иелерінен сұрайды. Ал марапат атақ болса, ұмыт қалады”, – деп жазды бірі.
Желі қолданушысы TikTok-та стрим жүргізіп, көрермендерден сыйлық сұрайтын Анара Батырханның мемлекеттік медальмен марапатталуын сынға алды.
“Қазақ халқы, TikTok қолданушыларына медаль оңды-солды үлестіріліп жатқанына қалай қарайсыздар? Енді бізде “еңбек сіңірген” жаңа қайраткер — Анара Батырхан бар. Қазір медальді осындай адамдар алып жатыр! “Қайыр сұраушы” I дәрежелі мемлекеттік медалі. Оның басты “еңбегі” — TikTok-тағы тікелей эфирлерде “Лайк, лайк, достар”, “х3 раушан, раушан, достар” деп көрермендерден сыйлық сұрауы. Ал ең қызығы — “СНАААЙП” деген сүйікті сөзі. Міне, осы сөздері мен Алматы әкімдігіндегі басты жанкүйерлерінің арқасында оған медаль берілген сияқты”, – деп жазды ол.
Ал енді бірі “Ерен еңбегі үшін” медалін 20-25 жыл жұмыс істеген адамдарға берсе жарасар еді, дейді.
“Біреудің қуанышына қуана білу де керек шығар. Бірақ “Ерен еңбегі үшін” емес, мәдениет қайраткері немесе осы салаға қосқан үлесі үшін деген медаль болса, ешкім үндемес еді. “Ерен еңбегі үшін” медалін бір салада 20-25 жыл жұмыс істеген адамдарға берсе жарасар еді. Бұл азаматтардың еңбегі жоқ демеймін, бар. Бірақ бұл медальға лайық емес деп ойлаймын”, — деп жазды ол.

Оған қоса желідегілер KeshYou тобының продюсері мен көмекшісінің “Ерен еңбегі үшін” медалін алуына қатысты сын айтты.
“Кешью” қай әлемдік аренаны бағындырды? Медаль аяқ астынан беріле салатын нәрсе ме? Неге оны қаза тапқан сарбаздардың ата-анасына бермейді? Отан үшін жанын берген жауынгерлерді тәрбиелеген жандар мұндай марапатқа лайық емес пе? Қайғыға қайыспай, ерен еңбек етіп жүрген сол адамдарға марапат берілсін. Болмаса дәрігерлерге, өрт сөндірушілерге, мұғалімдерге, теміржолшыларға, көше сыпырушыларға берілгені дұрыс”, – деп жазды бірі.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қашан еленеді?
Желі қолданушыларының бірі 33 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін енесінің осы уақытқа дейін бірде-бір медаль алмағанын айтып, мәселе көтерді.
“Мемлекет басшысына сұрағым бар: әртістерге “Ерен еңбегі үшін” марапатын беріп жатырсыздар. Ал өмірін адам құтқаруға арнаған жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі қашан еленеді? Менің енем 33 жылдан бері жедел жәрдемде еңбек етіп келеді. Күн демей, түн демей, шақыртуға асығып жүреді. Осы уақыт ішінде еңбегі үшін алғаны — тек қағаз мадақтама. Бірде-бір медаль алмаған”, — деп жазды ол.
Пікір авторы 33 жыл бойы күндіз-түні еңбек етіп, адам өмірін сақтап қалуға атсалысқан дәрігерлердің де еңбегі мемлекеттік деңгейде бағалануы керегін айтты.
Оның пікірінше, қоғам үшін маңызды қызмет атқарып жүрген мамандардың көп жылғы еңбегі ескерусіз қалмауы керек.
Айта кетейік, бұған дейін Республика күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қазақстандыққа мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар берген еді. Олардың қатарында металлургтер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, ұстаздар, дәрігерлер, өнер қайраткерлері және ел дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтар бар.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді