"TikTok-тағы тікелей эфирлері үшін алды ма?": Қазақстандықтар Анара Батырханның марапатталуына наразылық білдірді
Қазақстандық әнші әрі TikTok блогері Анара Батырхан Республика күніне орай "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Блогердің марапатқа ие болуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Анара Батырхан алған марапаты туралы әлеуметтік желіде мәлімдеді. Блогерге марапатты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды табыстаған.
“Қазақстан Республикасы Президентінің атынан берілген марапатты Алматы қаласының әкімінің қолынан алып, өмірімдегі алғашқы медаліме ие болдым. Бұл мен үшін жай ғана медаль емес. Бұл өнер жолында жүріп өткен жылдарымның, маңдай терімнің, табандылығым мен еңбегімнің бағалануы. Бұл – арманға адал болып, ешқашан берілмеудің нәтижесі”, – деп жазды блогер желідегі парақшасында.
Бұл жаңалыққа желі қолданушыларының бір бөлігі құттықтау айтса, енді бірі әншінің қандай еңбегі үшін мемлекеттік марапат алғанын сұрады.

Желі қолданушылары Анара Батырханның TikTok желісінде тікелей эфирлер өткізіп, халықтан ақша сұраумен танымал екенін айтады.
“Бұл қай еңбегі үшін алды бұл марапатты? Мемлекет үшін не істеді? Өлең айтып халықаралық конкурста жеңді ме? Стримда отырып,халықтан донат сұрап отырғаны үшін алды ма?”, “Медаль бізде жеті шелпек сиақты тарата салатын зат болып қалғаны ма? Бұл қай еңбегі үшін алып жатыр сонда? Блогер, стримерлердің медаль алатын эрасы болғаны ғой онда”, – делінген пікірлерде.
Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында блогердің еңбегін ұстаздар мен дәрігерлердің көпжылдық қызметімен салыстырғандар да бар. Олардың пікірінше, қоғам игілігі үшін жылдар бойы еңбек етіп жүрген мамандардың да еңбегі лайықты бағалануы керек.
“Нағыз еңбек марапаты елге пайдасын тигізіп жүрген дәрігерлерге, мұғалімдерге, құрылысшыларға, кеншілерге, тазалықшыларға, құтқарушыларға, ауыл еңбеккерлеріне және ерекше балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға берілсе ғой. Күн сайын көзге көрінбей еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар аз емес. Марапат жазылушы санына емес, елге сіңірген еңбекке қарай берілсе екен!”, – делінген пікірлердің бірінде.
Кейбір желі қолданушылары блогердің өзін сынағандарға жауап берген желідегі "Өзгенің сөзі – өткінші, еңбектің ізі – мәңгілік!" деген жазбасына да шүйлікті.
"Өзгенің сөзі – өткінші, өзге деп отырғаныңыз ол сіздің бұл марапатқа лайық еместігіңізді айтып жатқан халық қой. Сіз халықтың арқасында осы дәрежеге жеттіңіз ғой. Тыңдаушысы жоқ болса әнші қайдан болмақ", – деп жазды пікір білдірушілердің бірі
Марапатқа қатысты сын көбейгеннен кейін Анара Батырхан марапат алғаны туралы жазбасының пікірлерін өшіріп, пікір қалдыру мүмкіндігін жауып тастаған.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар Дос-Мұқасан мүшесіне "Халық әртісі" атағын беруді талап етіп, петиция жариялаған еді.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты