Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ата-енең қанша жерден жақсы болса да, бөлек тұрған дұрыс": Блогер Aeka Posh жас отбасыларға кеңес берді

Aeka Posh күйеуімен
Фото: Instagram.com/aeka.posh

Көпшілікке Aeka Posh лақап атымен танымал блогер Айым Алтынбекова жас отбасылардың ата-анасынан бөлек тұруы туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер “Айтарым бар” подкастында жас жұбайлар ата-анасы қаншалықты жақсы адамдар болса да, өз алдына бөлек тұрғаны дұрыс деп санайтынын айтты.

“Маған “қайын әпке” деген сөз ұнамайды. Інімнің келіншегіне “маған құрбың сияқты қарашы” дедім. Өйткені қоғамда қайын әпке деген отбасына іріткі салып, келіп уын шашып кететін адам сияқты қалыптасып кеткен. Мен ондай болғым келмейді. Керісінше, келініммен дос болғым келеді. Олардың үйіне де себепсіз бара бермеймін. Мұндай жағдайды өз басымнан өткергендіктен, оны әйел ретінде қолдағым келеді”, – деді блогер.

Айым Алтынбекова інісі мен келінінің бөлек шығуы үшін барын салғанын да жасырмады. Тіпті бастапқыда келінінің өзі бөлек тұруға құлықсыз болғанын жеткізді.

“Кез келген ер адамға ата-анасының жанында тұрған ыңғайлы. Көп шығындалмайды, үйде тамақ дайын, бәрі бар. Бірақ әр жас отбасының бөлек тұрғысы келеді. Ата-енең қанша жерден керемет адамдар болса да, жеке шаңырақ болған дұрыс. Келінімнің өзі бөлек шыққысы келмеді, бірақ мен қоймадым. Ақыры екеуі бөлек тұратын болды. Қайын әпке ретінде менен жамандық көріп отырған жоқ деп ойлаймын”, – деді ол.

Блогер ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластыққа да тоқталды. Ол күйеуінің пікірін ескеріп, бір жаққа барарда міндетті түрде рұқсат сұрайтынын айтты.

“Мен күйеуімнен сұранамын. Тіпті осы подкастқа келерде де “мені шақырып жатыр, барсам бола ма?” деп сұрадым. Менің түсінігімде ер адамның орны бір саты жоғары болғанын қалаймын. Атам үнемі “Еркегіңді хандай көрсең, ханның әйелі боласың” дейтін. Сондықтан қайда баратынымды, не істейтінімді күйеуіме айтып жүремін”, – деді Айым Алтынбекова.

Блогер мұны ер адамға тәуелді болу емес, отбасындағы өзара сыйластық пен қауіпсіздік мәселесі деп түсіндірді. Оның сөзінше, тіпті үйден қысқа уақытқа шыққанда да жұбайына ескертіп кеткен дұрыс.

Еске салайық, бұған дейін Aeka Posh тұңғышының бөлек тұруына қатысты сынға жауап бергені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 07 Қараша, 2026 18:50