Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Айнаға қарап, шашымды сәндегім келді”: Блогер Aeka Posh неге хиджабын шешкенін түсіндірді

Айым Алтынбекова
Фото: instagram.com/aeka.posh

Aeka Posh лақап атымен танымал блогер Айым Алтынбекова “Мамский әңгімеге” берген сұхбатында хиджабқа өз еркімен келгенін және оны ешкімнің қысымынсыз, саналы түрде шешкенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айым Алтынбекова дінге бірінші рет ажырасқаннан кейін келгенін айтады. Оның сөзінше, сол кезеңде намаз оған тыныштық сыйлаған.

"Мен намазға да, хиджабқа да өзім келдім. Ешқандай қысым болған жоқ. Хиджабты да өзім, саналы түрде шештім. Ажырасқаннан кейін бұл мен үшін бір тыныштық сияқты болды. Ұзақ уақыт намазда болдым, ал хиджабқа шамамен төрт жылдан кейін келдім", – деді ол.

Блогердің айтуынша, ол хиджаб кию туралы шешімді тез қабылдаған. Бірнеше күн ойланып, оранған. Осылайша үш жарым жыл хиджабта жүрген.

Алайда уақыт өте келе Айым Алтынбекова дінге тым қатты беріліп кеткенін түсінгенін айтты. Оның сөзінше, сол кезде ол музыка тыңдаудан, кейбір ортаға барудан, тіпті жақындарының тойына қатысудан да бас тартқан.

"Мен қатты беріліп кеттім. Намазға тұрсам, міндетті түрде орануым керек, Құранды арабша оқуым керек, тәжуидке баруым керек деп ойладым. Музыка тыңдамадым, шошқа еті немесе алкоголь ұсынылатын жерлерге бармадым. Кейде жақын адамдарымның тойына да бармай қалатынмын. Ол кезде бәрін дұрыс істеп жүрмін деп ойладым", – деді блогер.

Оның айтуынша, алғашқы бір-екі жыл қалыпты өткен. Бірақ кейінгі жылы хиджабпен жүру оған ауырлай бастаған. Блогер сұлулық саласына жақын екенін, өзінің сұлулық салоны барын және әйел ретінде шашын сәндеп, еркін киінгісі келгенін жасырмады.

 "Үйде орамалымды шешіп, “шашым қандай әдемі, мен де шашымды сәндегім келеді” деп ойлайтынмын. Көшеде әдемі киінген, шашын сәндеген қыздарды көргенде мен де солай жүргім келетін. Біз бәрібір әйелміз ғой. Маған өте ауыр болды", – деді ол.

Аека Пош хиджабты шешер алдында бірнеше рет ойланғанын айтты. Оны бір жағынан Құдайдан қорқу, екінші жағынан қоғамның қысымы тоқтатқан.

"Мен хиджабты шешсем бе, шешпесем бе деп он шақты рет ойландым. Бірінші – Құдайдан қорықтым, екінші – қоғамның қысымы болды. Маған хиджабқа қатысты өте көп хейт келді. Көбі негізсіз болды", – деді блогер.

Сондай-ақ ол хиджабты шешкен кезде көпшіліктің реакциясынан қорықпағанын айтты. Себебі сол сәтте әбден шаршағанын, тіпті сынға мән беруге де күші қалмағанын жеткізді.

"Мен соншалықты шаршаған шығармын, шынымды айтсам, бәрібір болып кетті. Жай ғана шештім. Threads пен Instagram-да не жазып жатқанын да уайымдамадым. Әдетте хейтті ауыр қабылдаймын, бірақ бұл жолы жылаған да жоқпын. Екі-үш күн талқылады да, кейін ұмытты. Ақыры мені осы қалпымда қабылдады", – деді ол.

Блогердің сөзінше, ең ауыр тигені – бұрын бірге араласқан, діни ортадағы қыздардың реакциясы. Айым Алтынбекова кейбір адамдар үшін оның өзі емес, тек "хиджабтағы Аёка" маңызды болғанын түсінгенін айтты.

"Мен шешінгеннен кейін көп адам өз пікірін жаза бастады. Мені күнәһар деп атағандар болды. Кейбір діни адамдардың осындай сөздерін оқығанда діннен біртүрлі алыстап кеткің келеді. Мен олардың адамдарды бөлетінін түсіндім: егер орансаң – жақсысың, оранбасаң – сенімен сөйлесетін ештеңе жоқ сияқты", – деді ол.

Аека Пош қазір намаз да оқымайтынын, хиджаб та кимейтінін айтты. Бірақ өзін үлкен күнәһар санамайтынын жеткізді.

"Қазір менің өмірімде намаз да, орамал да жоқ. Бірақ мен өзімді үлкен күнәһар деп санамаймын. Қазір бұл мәселеге көзқарасым басқа. Мен ең бастысы сыртқы форма емес екенін түсіндім. Мүмкін, бір күні бұған қайта оралармын. Бірақ қазір емес. Әзірге қаламаймын", – деді блогер.

Айта кетейік, бұған дейін Айым Алтынбекова бұрынғы күйеуі, әнші әрі актер Дидар Кәден алимент төлемейтінін айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 16:40