"30-40 мың теңге үшін қырылғым келмейді": Aeka Posh бұрынғы күйеуі Дидар Кәденнің алимент төлемейтінін айтты

Aeka Posh лақап атымен танымал блогер Айым Алтынбекова “Мамский әңгімеге” берген сұхбатында бұрынғы күйеуі, әнші әрі актер Дидар Кәден алимент төлемейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер алимент мәселесін ушықтырғысы келмейтінін және ақша үшін бұрынғы күйеуімен арадағы сыйластықты бұзғысы келмейтінін жеткізді.
“Маған тікелей келіп, “міне, мынау баланың оқуына” деген сияқты ешкім ақша беріп жатқан жоқ. Мен де ешкімнен сұрамаймын. Алименттің мөлшерін бәрі біледі, ол азын-аулақ сома. Мен ол үшін ырду-дырду болғым келмейді. Қолымда бар болса, Алла маған беріп тұрса, өзім істей беремін”, – деді ол.
Айым Алтынбекова бұрынғы күйеуінің де қазіргі отбасылық жағдайын түсінетінін айтты. Оның сөзінше, Дидар Кәденнің отбасы, екі баласы бар, әрі шығармашылық адам болғандықтан табысы тұрақты болмауы мүмкін.
“Ақша үшін арамыздың бұзылғанын қаламаймыз. Алимент үшін ұрысқан емеспіз. Бұл менің таңдауым болды. 30-40 мың теңге үшін қырылмайық деп шештік, өйткені ол бәрібір де жетпейді”, – деді блогер.
Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуімен арасы жақсы екенін, ұлы әкесімен және әжесімен араласып тұратынын атап өтті. Блогер баласының болашағы үшін көпшілік алдында артық сөз айтпауға тырысатынын жеткізді.
“Біздің арамыз жақсы. Ұлым әкесімен де, әжесімен де араласады, ол үйге барып тұрады. Ол ұл бала, 9 жаста, өсіп келе жатыр. Кейін ержеткенде осының бәрін көреді. “Анам әкем туралы, әкем анам туралы осылай айтыпты” деп жүргенін қаламаймын. Қазір мектепте буллинг деген де бар. Сондықтан ұлымды мұндай нәрселерден қорғауға тырысамын”, – деді ол.
Aeka Posh болашақта ұлының әкесіне қарайласуы керек болса, бұған қарсы емес екенін де айтты. Оның сөзінше, Дидар Кәден – бала үшін бөтен адам емес, туған әкесі.
“Мен бұған жақсы қараймын, себебі ол, не дегенімен де, әкесі. Тәрбие сондай болғандықтан, көмектесеміз деп ойлаймын. Қажет болса, әрқашан қол ұшын созуға дайынбыз. Ол айдаладағы адам емес, туған әкесі”, – деді Айым Алтынбекова.
Айта кетейік, Aeka Posh 2024 жылы екінші рет тұрмыс құрды. Кейінірек Айым Алтынбекова күйеуінің кім екенін ресми түрде мәлімдеді. Сән әлемінің аруының бірінші некесінен Дияр есімді ұлы бар. Екінші некесіндегі жұбайы, актер Шалқар Құдайберген болып шықты.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз