Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сектаның жетекшісі 190 баланы өлтіргені үшін 200 жылға сотталды

Сектант сотталды
Фото: Monicah Mwangi/Reuters

Кенияда "Ізгі хабар" сектасының жетекшісі Пол Маккензи 190 баланы және бір ересек адамды өлтіргені үшін 200 жылға бас бостандығынан айырылды. Пол Маккензидің жақтастарының мәйіттері әлі де табылып жатыр. Олардың басым бөлігі күштеп аштық жариялатудың салдарынан көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Момбаса қаласының Жоғарғы соты өзін секта жетекшісі деп жариялаған Пол Маккензиге күштеп аштық жариялатудың салдарынан болған өлімдер үшін 100 жыл, ал жақтастарын тікелей өлтіргені үшін тағы 100 жыл түрме жазасын тағайындады. Секта басшысымен бірге оның 28 сыбайласы да ұзақ мерзімге сотталды.

Судья Диана Каведзаның айтуынша, сот өлім жазасын тағайындамаған. Өйткені бұл сотталғандардың өлім арқылы Исамен қауышамыз деген сенімін одан әрі күшейтуі мүмкін еді. Бұдан бөлек, әлі табылмаған балалардың сүйегі іздестіріліп жатыр. Тірі қалған сотталушылар олардың жатқан жерін анықтауға көмектесуі мүмкін.

Сот процесі кезінде айыпталушылардың басым бөлігі өз әрекеттеріне өкінбеген. Үкім оқылған сәтте секта жетекшісі күлімсіреп отырған.

Секта құрбандары қалай көз жұмды?

Судьяның мәліметінше, қаза тапқандардың 161-і – тоғыз жасқа толмаған балалар. Тағы 22-сі 10-13 жас аралығында болса, бесеуі 14-16 жаста болған. Қалған екі адамның жасы анықталмаған.

Сарапшылар 191 адамның 183-і аштықтан көз жұмғанын анықтады. Олардың 182-сі бала, біреуі ересек адам болған. Қалған сегіз баланы тұншықтырып немесе ұрып өлтірген.

Сектаның тірі қалған мүшелері сотта ормандағы өлім жағдайларын "Исамен үйлену тойы" деп атағанын, ал қаза тапқандарды "сенім қаһармандары" санағанын айтқан.

Сектада не уағыздалды?

Пол Маккензи 2023 жылдың тамызында ақырзаман болады деп уағыздаған. Оның айтуынша, жұмаққа кіру үшін жақтастары аштық жариялауы керек болған. Ол өлімнің өзіндік реттілігі бар деп сендірген. Алдымен балалар, кейін жасөспірімдер мен әйелдер көз жұмуы керек болған. Ер адамдарға басқа сектанттардың мәйітін жерлеу үшін ұзағырақ өмір сүру міндеттелген. Содан кейін ғана олар өлуі тиіс болған.

Маккензи жақтастарын үйлерін тастап, Кенияның шығысындағы Шакахола орманына көшуге көндірген. Ол ормандағы ораза оларды Құдайға жақындатып, жұмаққа дайындайды деп уәде берген. Сектанттардың қозғалысын күзетшілер бақылап, оразаны тоқтатуға рұқсат бермеген. Қашуға немесе тамақ жеуге тырысқандар жазаланған.

Құқық қорғау ұйымы сектанттардың өлімі туралы хабарлағаннан кейін, 2023 жылдың сәуірінде Маккензи ұсталды. Полиция операциясы кезінде жүздеген таяз қабір табылып, одан адамдардың сүйегі шығарылған. Сол жылдың қазан айында оған ресми айып тағылды.

Назархан Уән
Сенбі, 07 Қараша, 2026 18:26