Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Холестеринді елемеудің соңы инфаркт пен инсультке әкелуі мүмкін: Дәрігерлер заманауи ем туралы айтты

Диабет

Көпшілік қандағы холестериннің жоғары екенін білсе де, денсаулығына шағымы болмаса, бұған аса мән бермейді. Алайда дәрігерлердің айтуынша, холестерин деңгейі жоғары болса да, ол көпке дейін білінбеуі мүмкін. Адам өзін сау санап жүрген кезде тамырларда атеросклероз процесі жүріп жатуы ықтимал. Оның соңы инфаркт, инсульт немесе басқа да жүрек-қантамыр ауруларының асқынуларына әкелуі мүмкін. Мамандар холестеринді бақылау, жоғары қауіп тобындағы пациенттерге заманауи ем тағайындау және халықтың медициналық сауатын арттыру мәселесі туралы айтып берді.

 

Холестерин – анализдегі жай ғана көрсеткіш емес

Медициналық тұрғыдан алғанда, холестериннің деңгейін білу – жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайын бағалаудың маңызды бөліктерінің бірі. Әсіресе төмен тығыздықтағы липопротеиндер, яғни "жаман" холестериннің деңгейі жоғары болған жағдайда адамның жүрек-қантамыр ауруларының қаупі де арта түседі.

Мұны дәрігерлер пациенттерге түсіндіру кезінде жиі айтады. Батыс Қазақстан медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, Ақтөбе облысының штаттан тыс бас липидологы, кардиолог Вадим Медовщиковтің айтуынша, холестеринді тек анализдегі бір сан ретінде қабылдауға болмайды.

"Холестерин – анализдегі құрғақ сан емес, адамның жүрек-қантамыр жүйесіндегі қауіп деңгейін көрсететін басты көрсеткіш. Тіпті оның жоғары болуы адамның дәл қазір ауырып тұрғанын білдірмейді. Дегенмен көрсеткіш ұзақ уақыт бойы жоғары сақталса, тамыр қабырғаларында атеросклероздың дамуына түрткі болады", – деді Вадим Медовщиков.
Санто қант диабеті
Фото: Вадим Медовщиков

Осы себепті мамандар профилактикаға ерекше мән береді. Адам инфаркт немесе инсульт болғаннан кейін ғана ем қабылдауды бастамай, қауіп факторларын одан әлдеқайда ерте анықтағаны маңызды.

Статин жеткіліксіз болған жағдайда не істеу керек?

Холестерин деңгейін төмендету үшін негізгі қолданылатын дәрілердің бірі – статиндер. Бірақ барлық пациентте тек статиннің көмегімен қажетті көрсеткішке жету мүмкін емес.

Вадим Медовщиковтің сөзінше, дәрінің мөлшерін шексіз арттыруға болмайды. Сондықтан кейбір пациенттерге емнің басқа тетіктерін қосуға тура келеді.

"Біз әрдайым статиннің дозасын арттыра алмаймыз. Ал тек статинмен қажетті мақсатты деңгейге өте сирек жағдайда ғана жетеміз. Сондықтан эзетимиб бізге осы мақсатқа жетуге айтарлықтай көмектеседі", – деп түсіндірді кардиолог.

Эзетимибтің ерекшелігі – ол статинмен емдеуді толықтырады. Яғни пациенттің емінде холестеринді одан әрі төмендетуге мүмкіндік беретін қосымша құрал ретінде қарастырылады.

"Эзетимиб – төмен тығыздықтағы липопротеиндердің, яғни “жаман” холестериннің мақсатты деңгейіне жетуге мүмкіндік беретін қосымша ем. Біз статинмен қол жеткізе алмаған нәтижені осы препарат арқылы толықтыруға мүмкіндік аламыз", – деді ол.

Дәрігердің айтуынша, бұл әсіресе жүрек-қантамыр аурларының қаупі жоғары адамдар үшін маңызды.

Эзетимиб кімдерге қажет?

Кардиолог, липидолог, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Зауре Ормаханованың айтуынша, эзетимибті тағайындау кезінде адамның жасына ғана қарап шешім қабылданбайды. Мұнда ең алдымен жүрек-қантамырына төнген қауіп деңгейі ескеріледі.

"Эзетимиб жүрек-қантамыр ауруларының асқыну қаупі жоғары пациенттерге статиндермен терапияда қосымша ретінде, кей жағдайда монотерапия ретінде қажет. Мысалы, холестерині жоғары және тамырларында атеросклеротикалық бляшкалар түрінде зақымдануы бар адамдар бар. Мұндай жағдайда қауіп деңгейі жоғары болады", – деді Зауре Ормаханова.

Дәрігерлер ер адамдардың да, әйелдердің де профилактикалық тексеруден өтуі қажет екенін айтады. Менопаузадан кейін әйелдердің жүрек-қантамыр саулығына ерекше мән бергені жөн.

Санто қант диабеті
Фото: Зауре Ормаханова
"Әйел адамды белгілі бір жасқа дейін эстроген қорғайды. Менопаузадан кейін бұл қорғаныс төмендейді. Сондықтан осы кезеңнен кейін әйелдер де холестерин деңгейіне және жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторларына мұқият қарауы керек", – деп атап өтті Зауре Ормаханова.

Жүрек-қантамыр аурулары жасарып барады

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек-қантамыр аурулары соңғы жылдары жастар арасында да жиірек кездесіп жүр. Бұрын инфаркт пен инсультті көбіне егде жастағы адамдармен байланыстыратын түсінік болғанымен, қазір бұл аурулар жастар арасында да кездеседі.

Вадим Медовщиковтің сөзінше, бұған темекі шегу, артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау сияқты бірқатар қауіп факторлары әсер етеді. Олардың көбі жас кезден қалыптасатындықтан, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуды да кейінге қалдырмаған жөн.

Дәрігерлер әсіресе адам өзін сау сезінсе де, қан қысымын, холестерин деңгейін және басқа да қауіп факторларын уақытылы бақылаудың маңызын атап өтеді.

Мемлекет есебінен емнің қолжетімді болуы не береді?

Заманауи липидті төмендететін дәрілердің барлығы бірдей әр пациентке қаржылық жағынан қолжетімді емес. Сондықтан мамандар емнің тиімділігімен қатар оның қолжетімділігін де маңызды мәселе деп санайды.

"Қолжетімділік – ең маңызды мәселенің бірі. Өйткені қазіргі заманғы дәрілердің бәрін кез келген пациенттің өз қалтасынан сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. Әсіресе ұзақ уақыт бойы ем қабылдауы қажет адамдар үшін дәрінің бағасы үлкен мәселе болуы мүмкін. Ал жүрек-қантамырлық қауіпі жоғары пациент емді үзіп алмауы керек, себебі бұл оның денсаулығына тікелей әсер етеді. Pholarma компаниясы Қазақстанда заманауи терапияға қолжетімділікті арттыруда өз үлесін қосып келеді. Осылайша эзетимиб жекелей дәріхана желілеріне ғана емес, 2027 жылы МӘМС және ТМККК бойынша науқастарды қамтамасыз ету үшін де жеткізіледі", – деді Вадим Медовщиков.

Оның айтуынша, жоғары қауіп тобындағы пациенттерге қажетті емді мемлекеттік қамтамасыз ету жүйесі арқылы кеңірек ұсыну жүрек-қантамыр ауруларынан болатын асқынуларды азайтуға мүмкіндік береді.

"Егер заманауи емге қолжетімділік кеңейсе, бұл алға жасалған үлкен қадам болар еді. Себебі мақсат – тек холестерин көрсеткішін төмендету емес, инфаркт пен инсульттің, одан болатын өлім-жітімнің алдын алу", – деп атап өтті дәрігер.

Биологиялық белсенді қоспалар дәрінің орнын баса алмайды

Мамандар пациенттер арасында кең тараған тағы бір мәселеге – биологиялық белсенді қоспаларға (БАД) шамадан тыс сенуге алаңдайды.
Вадим Медовщиковтің айтуынша, қазіргі медицинада биологиялық белсенді қоспаларға қатысты түсінік пен дәлелді медицина талаптарының арасында айырмашылық бар.

"Биологиялық белсенді қоспалар – дәрі емес. Олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәрілер сияқты дәлелденген деген сөз емес. Қазір адамдар арасында мұндай қоспаларға сенім жоғары, кейбірі оларды холестеринді төмендету немесе жүрек ауруларының алдын алу үшін қабылдайды. Алайда кардиологияда холестерин деңгейін төмендететіні немесе инфаркт қаупін азайтатыны нақты дәлелденген биологиялық белсенді қоспалар жоқ. Егер адамда белгілі бір дәруменнің немесе микроэлементтің тапшылығы анықталса, оны дәрігердің кеңесімен толықтыруға болады. Бірақ мұндай қоспаларды дәрігер тағайындаған емнің орнына қолдануға болмайды", – деді ол.

Дәрігердің сөзінше, белгілі бір дәрумен немесе микроэлементтің тапшылығы зертханалық жолмен расталса, оны толықтыру қажет болуы мүмкін.

Мысалы, мырыш, селен, магний сияқты заттардың тапшылығы анықталған жағдайда дәрігер тиісті препаратты ұсына алады.

Бірақ жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мақсатында кез келген биологиялық белсенді қоспаны өз бетінше қабылдау дұрыс емес. 

"Адам ауырмаған соң, өзін сау санайды"

Пациенттердің емге кеш жүгінуінің бір себебі – аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай белгі болмауы. Зауре Ормаханованың айтуынша, атеросклероздың қауіпті тұсы да осында.

"Ауырмайды, адам өзін нашар сезінбейді. Сондықтан өзін толық сау деп ойлайды. Ал сол уақытта оның инсульт немесе инфаркт қаупі жоғары болуы мүмкін. Адам жүрегінің ауырып тұрғанын сезбеген соң, профилактикалық тексеруді де қажет деп санамауы мүмкін. Кейде адамның жүрегі ауырады. Ол дәрігерге келеді, тиімді ем қабылдайды, содан кейін ауырсынуы толық басылады. Сөйтіп пациент өзін жақсы сезініп, бұрынғы мәселесін ұмытып кетеді", – деді дәрігер.

Ал инсульттің салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін. Кеш келген жағдайда адамның қозғалысы, сөйлеуі немесе басқа да функциялары бұзылып, кейін оларды қалпына келтіру қиынға соғады.

Сондықтан дәрігерлердің негізгі кеңесі – асқынуды күтпей, қауіп факторларын алдын ала анықтау.

Пациенттің медициналық сауаты да емнің бір бөлігі

Дәрігерлердің айтуынша, емнің нәтижесі тек дәріге байланысты емес. Пациент өзінің ауруын, қауіп факторларын және не үшін белгілі бір препаратты қабылдап жүргенін түсінуі керек.

Зауре Ормаханова пациенттердің атеросклероз, дұрыс тамақтану және профилактика туралы білімі әлі де жеткіліксіз екенін айтты.

"Атеросклероз туралы, оның қалай дамитыны туралы, дұрыс тамақтану мен аурудың алдын алу жолдары жөніндегі түсінік әлі де жеткіліксіз. Тіпті инфаркт өткерген пациенттердің өзі кейде аурудың неден пайда болғанын және оның қайталану қаупін қалай азайтуға болатынын толық біле бермейді. Адамдар көбіне өзін жақсы сезінсе, емді жалғастырудың немесе өмір салтын өзгертудің қажеті жоқ деп ойлайды. Сондықтан пациенттерге холестеринді бақылаудың, дәрігер ұсынған емді сақтаудың және қауіп факторларын азайтудың маңызын үнемі түсіндіріп отыру керек", – деді ол.

Осыған байланысты мамандар пациенттерге арналған ағарту жұмыстарын күшейту қажет деп санайды.

Қазақстанның Атеросклероз қоғамы да осы бағытта жұмыс істеп, пациенттерге арналған ақпараттық жобаларды ұйымдастырып келеді. Соның бірі – "атеросклероз мектебі". Мамандар емханаларға барып, адамдарға аурудың қауіп факторлары, тамақтану, холестеринді бақылау және емге бейілділік туралы түсіндіреді.

Инфаркт болған адамның тәжірибесі де маңызды

Дәрігерлер пациенттермен кездесулерге инфаркт немесе басқа жүрек-қантамырлық ауруларды өткерген адамдарды да шақырудың маңызы бар екенін айтады.

Себебі кей жағдайда дәрігердің ескертуінен гөрі, дәл сондай жағдайды басынан өткерген адамның әңгімесі көбірек әсер етуі мүмкін.

"Мұндай кездесулерге ауруы бар адамдарды да, әзірге инфаркт болмаған адамдарды да бірге шақырған дұрыс. Инфарктан өткен пациент өзіне не болғанын, емді не үшін қабылдайтынын айтып бере алады", – деді Вадим Медовщиков.

Оның айтуынша, бұл – профилактиканы түсіндірудің тиімді жолдарының бірі.

Ауруды емдегеннен, алдын алған тиімді

Мамандардың айтуынша, жүрек-қантамырлық аурулардың алдын алу көбіне адамға қиын болып көрінгенімен, оның салдарымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл.

Дәрігерлер холестерині жоғары екенін білгенімен, ұзақ уақыт бойы еш әрекет жасамаған пациенттерді де жиі кездестіреді. Кейін олардың кейбіріне коронарлық артерияларға стент қоюға тура келеді. Ал одан кейін күнделікті қабылдайтын дәрілердің саны бірнеше болуы мүмкін.

Сондықтан дәрігерлер холестеринді уақытында тексеру, жүрек-қантамыр ауруының қаупін бағалау және қажет болса емді ерте бастау керегін ескертеді.
Өйткені өзін сау сезіну – жүрек-қантамыр жүйесінде бәрі жақсы деген сөз емес.

"Ең бастысы – инфаркт болғанын күтпеу. Қауіпті ерте анықтап, қажетті профилактика мен емді уақытында бастау керек", – деп қорытындылады мамандар.
Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 09:30