Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цифрлық теңгемен несие беру: Bank RBK кәсіпкерлерді несиелендірудің жаңа тәсілін енгізді

Bank RBK цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейтті. Бұған дейін жаңа цифрлық құрал арқылы төлем операцияларын жүргізген банк енді нақты өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға арналған несие бере бастады. Алғашқы несиелер "Даму" қорының "Өрлеу" бағдарламасы аясында берілді. Бұл – кәсіпкерлерді несиелендіру жүйесін цифрландыру жолындағы маңызды қадам.

Цифрлық теңге – жай ғана төлем жасаудың жаңа тәсілі емес. Ол мемлекеттік қолдау бағдарламаларына бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар банктердің жұмысын жеңілдетіп, кәсіпкерлерге несие берудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Bank RBK цифрлық теңгемен бірнеше несие беріп үлгерді. Солардың бірі – Қарағандыдағы кәсіпкердің жобасы. Ол алған қаржысын мал шаруашылығына қажетті жабдықтар өндіру көлемін арттыру үшін жеке өндірістік нысан сатып алуға жұмсаған.

"Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды енгізумен ғана шектелмей, олардың экономикаға нақты пайда әкелуіне жағдай жасау. Цифрлық теңге кәсіпкерлерді несиелендірудің және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге қосымша мүмкіндік береді. Bank RBK үшін бұл – қаржы құралдарын әртараптандыру мен цифрлық банк қызметтерін дамытудағы маңызды қадам. Қаржы операцияларын тиімді етіп, бизнестің алға жылжуына көмектесетін технологиялардың әлеуеті зор деп білеміз", – деді Bank RBK басқарма төрағасының орынбасары Айдос Мұхамеджанов.

Банк цифрлық теңгемен несие беруге дайындықты жобаны бастағаннан кейін төрт ай ішінде аяқтады. 2026 жылдың мамырында Bank RBK Ұлттық төлем корпорациясының Цифрлық теңге платформасына өз жүйелерін қосуды қолға алды. Осы уақыт аралығында цифрлық теңгені сатып алу, сату, белгі қою және аудару қызметтері іске қосылды.

Қазір бұл қызметті банктің клиенттері де пайдалана алады. Олар "Интернет-клиент" жүйесі арқылы цифрлық теңгеге шот ашып, өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбамен растай алады. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында несие алуға мүмкіндік бар.

Bank RBK үшін бұл жоба екі маңызды бағытты тоғыстырады: заманауи технологияларды енгізу және кәсіпкерлерді несиелендіру мүмкіндіктерін кеңейту. Цифрлық теңгені іс жүзінде қолдану банк, мемлекет және бизнес арасындағы байланысты нығайтып, қаржының Қазақстан экономикасының нақты секторын дамытуға бағытталуына жол ашады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 2026 жылғы 15 шілдедегі №1.1.821.135 лицензиясы

Ақгүл Айдарбекқызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 10:00