Жалған iPhone сатып алу туралы хабарламалар: Прокурорлар жаңа алаяқтық схемасы туралы ескертті

Қазақстанда интернет-алаяқтар Apple атын жамылып, жалған iPhone сатып алу туралы хабарламалар арқылы азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратура жанындағы Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар PayPal төлем жүйесін пайдаланып, пайдаланушыларға iPhone сатып алынғаны туралы жалған хаттар жібереді. Бұл хабарламалар барынша шынайы көрінеді, өйткені олар ресми Apple поштасына ұқсас мекенжайлар арқылы таратылады.
"Хатта белгісіз құрылғы сатып алынғаны хабарланып, транзакцияны болдырмау үшін көрсетілген нөмірге хабарласу ұсынылады. Алайда бұл – алаяқтардың негізгі тұзағы. Қоңырау барысында олар өздерін "қолдау қызметі" ретінде таныстырып, пайдаланушының Apple ID аккаунты бұзылғанын айтады", – делінген хабарламада.
Осы сылтаумен олар:
- құрылғыға қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатуды сұрайды;
- парольдер мен басқа да құпия деректерді талап етеді;
- асықтырып, психологиялық қысым көрсетеді.
Сарапшылар мұндай әрекеттердің артында жеке деректерді ұрлау және қаржыға қол жеткізу мақсаты тұрғанын ескертеді. Мамандар азаматтарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:
- күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз нөмірлерге қоңырау шалмау;
- сатып алу туралы ақпаратты тек ресми сервистер арқылы тексеру;
- бөгде бағдарламаларды жүктемеу;
- екі факторлы аутентификацияны қосу.
Егер осындай күмәнді хабарлама келсе, бірден ресми қолдау қызметіне жүгініп, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда интернет-алаяқтықтың ұқсас түрлері бірнеше рет тіркелген. Әсіресе соңғы жылдары қылмыскерлер OLX, логистика және жеткізу қызметтеріне арналған сайттар арқылы азаматтарды алдауды жиілеткен. Олар өзін жүк тасымалдаушы немесе делдал ретінде таныстырып, алдын ала төлем сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін байланысқа шықпай, нөмірлерін өшіріп тастайды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай схемалар көбіне ұйымдасқан топтар арқылы жүзеге асады және олардың ішінде бұрын сотталған, тәжірибесі бар адамдар жиі кездеседі. Кей жағдайларда алаяқтық әрекеттер тіпті түзеу мекемелерінің ішінде отырып-ақ ұйымдастырылғаны анықталған.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз