Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар мезі қылған автоқоңырауларды алып тастау қарастырылып жатыр

Телефон қоңырау
Фото: magnific.com

Қазақстанда автоматты қоңыраулар мен заңды тұлғалардың қоңырауларын реттеуді күшейту ұсынылды. Бұл мәселе Мәжілісте телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты түзетулерді талқылау кезінде көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

13 мамыр күні депутаттар "Телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов автоматты қоңыраулардың адамдарға жиі кедергі келтіретінін айтты. Сондықтан депутаттар бұған дейін оларды шектеу туралы ұсыныс жасаған. Олар автоматты қоңырауларға тыйым салынуын сұрады. Депутаттарға бұл мәселенің бұйрық деңгейінде шешілетінін айтып, уәде берген. Бірақ ол сол күйі елеусіз қалған.

Ол сондай-ақ ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестік пен жаңа операторларды кіргізу мәселесін көтерді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев автоматты қоңырауларға қатысты ұсыныс қаралатынын айтты.

"Автоматты қоңырауларға қатысты бұл норманы және сіздердің ұсыныстарыңызды қараймыз", – деді Жаслан Мадиев.

 Талқылау барысында депутаттар операторлардың акциялар, тарифтер мен шарттардың өзгеруі туралы қоңырауларына да ескерді. Олардың айтуынша, адамдарға қоңырау шалып тұрған адамның расымен оператор ма, әлде алаяқ па екенін ажырату қиын болып кеткен.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект арқылы жасалатын жаңа алаяқтық түрі туралы ескерткен еді. 

Ведомство мәліметінше, қылмыскерлер жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк өкілдері немесе өзге де ұйым мамандары ретінде таныстырады.

Атап айтқанда, соңғы уақытта азаматтарға бейнеқоңырау шалып, жалған бейне мен дауысты қолдану арқылы өздерін полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсететін жағдайлар тіркелген. Олар "күдікті операциялар анықталды" немесе "қаражатыңызға қауіп төніп тұр" деген сылтаумен адамдарды ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 14:33