Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект арқылы жасалатын жаңа алаяқтық түрі туралы ескертті

Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жүзеге асатын интернет алаяқтықтың жаңа тәсілдері көбейгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтардың жаңа схемалары туралы ескерту жасады. Ведомство мәліметінше, қылмыскерлер жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк өкілдері немесе өзге де ұйым мамандары ретінде таныстырады.
Атап айтқанда, соңғы уақытта азаматтарға бейнеқоңырау шалып, жалған бейне мен дауысты қолдану арқылы өздерін полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсететін жағдайлар тіркелген. Олар "күдікті операциялар анықталды" немесе "қаражатыңызға қауіп төніп тұр" деген сылтаумен адамдарды ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді.
“Қаскөйлер құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және өзге де ұйымдардың атынан сөйлеу үшін шынайыға ұқсас бейнелерді, аудио және видеоматериалдарды жасау мақсатында жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолданып жатыр. Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар түсіп, онда белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өздерін полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банк қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелді”, – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бейбіт Біржанов.
Сонымен қатар Бейбіт Біржановтың сөзінше, күдікті операцияларды анықтау немесе қаражаттың сыртқа кету қаупі бар деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны дереу "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді.
“Бұдан бөлек, ресми хабарламаларға ұқсас хабарламалар мен құжаттарды жіберу, сондай-ақ мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдарының өкілдерімен байланыс орнағандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды қолдану сияқты схемалар пайдаланылады”, – делінген хабарламада.
ІІМ өкілдері құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ерекше атап өтті.
Ведомство азаматтарды сақ болуға шақырып, бейтаныс адамдардың қаржылық талаптарын орындамауға, жеке және банктік мәліметтерді бермеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді.
Сондай-ақ алаяқтық фактілері немесе оған күмән туындаған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет. Бұл туралы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бейбіт Біржанов мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда курьерлік қызмет атынан жалған хабарлама жіберетін алаяқтықтың жаңа түрі тарағанын айтқан едік. Алаяқтар “жеткізілім келмеді” деген сылтаумен сілтеме арқылы жеке және банк деректерін алдайды. Азаматтарға күмәнді хабарламаларға сенбеу және ресми сайттарды ғана пайдалану ескертілді.
"Тоқырау жылдарында оқуға түсе алмадым": 50 жасында диплом алған алматылық медбике өз арманын қалай орындады
Оқыңыз