Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында колонияда отырып жүздеген миллион теңге тапқан алаяқтар сотталды

түрмеФото: freepik.com

Алматы облысындағы колонияларда бұрынғы қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан қылмыскерлер алаяқтық схеманы іске асыру үшін сымсыз интернет пен смартфондарды пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қылмыскерлерді ұстау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, прокуратура қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбаздарынан құралған 30-дан астам тергеу тобы құрылған.

Тәжірибелі сотталғандар жүк тасымалына арналған арнайы сайттарды бақылап, осындай қызметке мұқтаж азаматтарды тапқан. Алаяқтар олардың сеніміне оңай кірген. Тіпті адамдар еш күмәнсіз логистика қызметі үшін бір реттік банк шоттарына қомақты қаржы аударған. Ал алданғанын түсінген кезде, алаяқтардың нөмірлері өшірілген болып шыққан. Бұл іс бойынша 24 адам жәбірленуші деп танылды.

Тергеу бір жылдан астам уақытқа созылды. Осы істің схемасын түсінуге Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов та ұзақ уақыт жұмсаған. Мемлекеттік айыптауды бес прокурор қолдады. Айыпталушылар орнында бірнеше рет сотталғандар отырды. Олар: 

  • Асылбек Жұбанов - 10-рет сотталған: 
  • Павел Трофимов — бесінші үкімі бар: 
  • Айбек Әбікешов, Сергей Худояров және тағы он шақты сыбайласы. 

Тергеу мәліметінше, азаматтарды алдау схемасын 2023 жылдың жазында Заречный кентінде жазасын өтеп жүрген Павел Трофимов ойлап тапқан. Көп ұзамай бұл туралы Жұбанов та білген.

Қылмыстық іс материалдарында: “Жұбанов А.Ш. көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеті бар, ерік-жігері мықты, сотталғандар арасында беделге ие және бейресми имам мәртебесіне ие” деп көрсетілген.

Осылайша колония басшылығының көз алдында ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. Имамның “оң қолы” Павел Трофимов болған. Ол адамдарды сендіре білетін, өзін кәсіби логист сияқты ұстап, толық сенім ұялата алған. Олар темір тордың ар жағында отырып-ақ жүздеген миллион теңге тапқан. 

Бұл істе Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жауапкершілігіне қатысты мәселе көтерілді. Сот жабық мекемелерде заманауи смартфондар мен сымсыз интернеттің қалай пайда болғанын, барақтарда жүргізілген тұрақты тексерістер кезінде неге телефондар мен роутерлер анықталмағанын назарға алды. Тіпті олардың табылғанымен, тиісті шара қолданылмай, көз жұма қаралған болуы мүмкін деген күдік те айтылды. Осы және өзге де сауалдар Ішкі істер министрлігіне бірнеше рет жолданғанымен, нақты жауап берілмеген.

Сот барысында басты ұйымдастырушы Павел Трофимов кінәсін толық мойындады. Бірақ ұйымдасқан топқа қатысы мен келтірілген шығын көлемін мойындамады. Ол залалды өтеуге дайын екенін, алайда жәбірленушілермен медиативтік келісім жасалуы тиіс екенін айтты.

Жұбанов өз кезегінде айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол басқа сотталғандармен қылмыстық келісімге бармаған. Ал туыстарының шоттарындағы ақша қозғалысын колонияда тамақ сатып табыс табуымен түсіндірді.

Әбікешов кінәсін мойындады. Тағы бір айыпталушы Рүстем Байсағинов полиция оны заңсыз ұстап, күш қолданғанын және уақытша ұстау изоляторында негізсіз ұстағанын айтты. Жалпы, 14 сотталушының әрқайсысы өзін ақтауға тырысты. Олар алаяқтық жасамағанын, тек таныстарына белгілі бір пайыз үшін көмектескенін алға тартты. Алайда судья Иманқұлов бұл уәждерді негізсіз деп танып, айыпталушылардың кінәсі дәлелденді деп шешті.

Нәтижесінде Жұбанов пен Трофимовтың жазасына қосымша 8 жылдан қосылды. Әбікешов бір жылға аз мерзім алды. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ құру және аса ірі көлемде алаяқтық жасау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Кейбір айыпталушыларға қылмыстағы рөлі аз болғандықтан ең төменгі жаза — 3 жылға бостандығын шектеу тағайындалды. Жалпы алғанда сот жәбірленушілер пайдасына шамамен 400 миллион теңге өндіріп алуды міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар үкімге апелляциялық тәртіпте шағымданбақ.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 18 Сәуір, 2026 09:21