"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-ыншы атты әскери дивизия туралы не білеміз
Фото: ЖИ
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмолада құрылып, Красноград қаласын азат еткен 106-шы атты әскери дивизиясы Харьков түбіндегі қиын-кескі майданда жойылып кеткен. Дивизия құрамындағы жауынгерлер көзсіз ерлік танытып, жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан. Отан үшін соғысқан жанкешті жауынгерлер туралы құжаттардың, анықтамалардың жоғын, тіпті мектептерде де ерліктері не себепті айтылмайды? Stan.kz тілшісі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлерді іздеумен айналысатын белсенді Макка Қаражановамен тілдесті.
Макка Қаражанова – Дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-дивизия туралы құжаттар мен мұрағаттарды зерттеп жүргендердің бірі. Ол мұрағаттағы құжаттардың негізінде 106 атты әскер дивизиясы туралы тың деректер жариялады.
“106-шы Қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы майданға дербес құрам ретінде қатыспаған. Соғыс алаңына келгенде-ақ олар ыдырады. Ал оның бөлімшелері 6 кавалериялық корпустың үш атты әскер дивизиясына бөлінді. Бұған дивизияны қабылдау туралы акт, эшелондардың нөмірлері және полктердің корпус құрамына берілуін растайтын құжаттар дәлел. 6-шы атты әскер құрамында бұрынғы 106-дивизия бөлімшелері майдан қолбасшысы маршал Тимошенконың бұйрығымен Красноград қаласын азат етуге тапсырма алды. 1942 жылы 12 мамыр күні таңертең шабуыл басталды. Төрт күнге созылған шайқас нәтижесінде корпус генерал Бобкиннің тобына кіретін 7-танк бригадасымен бірге жау қорғанысын бұзып, Красноградтың шетіне шықты. 16 мамырдан бастап қаланы шабуылмен ала бастаған.
Алайда 17 мамырда немістің Клейст тобы Барвенково мен Славянсктен оңтүстіктен қарсы шабуылға өтіп, Оңтүстік-Батыс майданының соққы беруші топты қоршауға түсіре жаздады. Осылайша 19 мамыр күні шабуыл тоқтатылды. 22 мамырда генерал Бобкиннің әскер тобына Орель өзеніне шегініп, 6-ыншы атты әскер корпусын Булацеловка маңындағы резервке шығару туралы бұйрық берілді. “Харьков қазанында” қай жауынгердің тұтқынға түсіп, қайсысы қаза тапқаны әлі күнге дейін беймәлім. Тек "Халық жады" сайтына жаңа аттас істердің түсуі арқылы ғана кейбір жауынгерлердің тағдырын анықтауға мүмкіндік туады. Осындай сәттерде мен ұмыт болған тағы бір жауынгердің ел есіне түскеніне қуанамын”, – дейді Макка Қаражанова.
“Дивизиядағы жауынгерлердің 90%-ы қазақ болған”
Макка Қаражанова 106-ыншы атты әскер дивизиясындағы жауынгерлердің 90%-ы қазақ болғанын айтты.
“Қазақстанда құрылған барлық ұлттық құрама — барлығы төртеу — негізінен қазақтардан жасақталған. Бұл – шындық. Олар:
100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы;
105-ші және 106-шы атты әскер дивизиясы.
Бұл құраманың әр жеке бөлімшесінде 90%-ға дейін қазақтар болған. Өте мұқият жасақтаған. Оларға “барлық әскери қызметкерлердің бастауыш немесе орта білімі болуы, оқып-жаза алуы керек және орыс тілін меңгерген болуы керек” деген талап қойылды. Құрама командирлері — көбіне қазақтар — партия органдарында, министрліктерде жұмыс тәжірибесі бар, кәсіби әскери даярлығы бар азаматтар болды. Ұлттық құрамалар жауынгерлік әзірлік, тәртіп және жеке құрамның жоғары деңгейдегі дайындығының жарқын үлгісіне айналды”, – дейді Макка Қаражанова.
Зерттеушінің айтуынша, атты әскер саны 3220 болған. Оларға небәрі 102 винтовка мен 3100 қылыш берілген. Ақыр аяғы, қылыш та жетпеген.
“Жауынгерлердің бір бөлігі майданға қысқы киіммен жіберілген. Тек 288-полкке ғана шинель мен керзі етік берілген. Қалғандары пима мен шолақ тон киген”, – дейді ол.
“Қазақстаннан келген делегация құжаттарды өзімен алып, жауапсыз кетті”
Макка Қаражанова қазіргі уақытта 106-дивизия құрамында болған 200-ге жуық жауынгердің аты-жөні анықталғанын жеткізді.
“Өзіміз анықтап, тапқан есімдердің барлығын "Наследники славы" сайтына орналастырдым. Біз зерттеушілер Татьяна Крупа және Люся Оксак үшеуіміз 106-ыншы атты әскер дивизиясы тақырыбына арнайы Ресейдің Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде екі рет жұмыс істедік. Біз тапқан барлық құжат сол мұрағаттан алынған. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясы, генерал Мүслім Даировтың басшылығымен, соғыс болған жерлерді аралап, 106-ыншы атты әскер дивизиясының 6-ыншы атты әскер корпусындағы бүкіл жауынгерлік жолын – Савенцы станциясына келген сәтінен бастап, Алексеевкадағы штабқа дейін және Красноград қаласындағы шайқастарға дейін көзбен көріп, біз жүргізген іздестіру жұмыстарының ауқымына толықтай көз жеткізді. Осыдан кейін Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде зерттеуді жалғастыру туралы шешім қабылданды. Подольсктегі Орталық архивке Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері мен курсанттарынан құралған үлкен делегация келді. Біз Татьяна екеуміз оларға құжаттармен жұмыс істеуге көмектесу үшін арнайы Харьковтан бір жұмыс күніне барып, тапсырыс рәсімдеуге және сұраныстар құрастыруға жәрдемдестік. Сондай-ақ бұл іске әскери тарихшы Леонид Карцев те қатысты”, – дейді зерттеуші.
Оның айтуынша, Қазақстаннан келген делегация 106-ыншы атты әскер дивизиясына қатысты көптеген цифрланған құжаттар мен тізімді өздерімен бірге алып кеткен. Барлығын өңдеп, жариялаймыз деп уәде берген. Алайда кейін не болғаны, оны неге іске асырмағаны белгісіз, сол күйі жауапсыз қалған.
Макка Қаражанова “106-атты әскер дивизиясы туралы неліктен Қазақстанның мектептерінде және ұлттық тарихында айтылмайды?” деген сұраққа жауап берді.
“Себебі соғыс тарихын зерттеу — өте мұқият және жүйелі түрде жүргізілуге тиіс жұмыс. Ол аңыздарға емес, тек архивтік құжаттарға негізделуі керек. Өкінішке қарай, бізде тек 106-ыншы емес, 105-інші атты әскер дивизиясы да беймәлім болып келді. Бұл дивизия да ұлттық құрам ретінде жасақталған және Мәскеу түбінде жоғалып кеткен. Менде ол туралы акт бар, командирлердің есімдері бар, дивизияның артиллериялық бөлімдерге таратылғаны туралы мәліметтер бар. Бірақ толық емес, оның бір бөлігі генерал-полковник Белов басқарған 1-гвардиялық атты әскер корпусына берілген. (И.В.Сталин, 1941 жылғы қараша). Сталин генерал П.А.Беловты "Құтқарушы", ал оның атты әскерлерін "Өрт сөндірушілер" деп атаған. Алайда қазіргі ұрпақ бұл ерлік жайлы көп дүниені білмейді. Бұл — әділетсіздік. Себебі дәл сол кезде кавалериялық корпус вермахтың мақтанышы — фашистік танк армиясын күйрете жеңіп, шегінуге мәжбүр еткен. Бұл — Ұлы Отан соғысы басталғалы алғаш рет болған тарихи оқиға еді”, – дейді Макка Қаражанова.