Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әуежайында мысық салынған қорап жүк таспасында чемодандармен бірге берілген: Полиция тексеріс бастады

Мысық
Фото: Видеодан скрин

Алматы әуежайында мысықты тасымалдауға қатысты даулы жазбадан кейін көлік полициясы тексеріс бастады. Жануардың иесінің айтуынша, мысығы салынған тасымалдау қорабы жолаушылардың чемодандарымен бірге жалпы жүк таспасынан шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға қазақстандық әйелдің ұшақтан түскеннен кейін үй жануарын алған сәтін егжей-тегжейлі сипаттап жазған жазбасынан басталды.

"Бүгін менің мысығымды жүк таспасынан берді, дәл чемодандар бір-біріне соғылып, құлап түсетін жерден. Менің мысығым салынған тасымалдау қорабы да таспаға “секіріп” түсті, бірнеше рет аударылып кетті, ал қызметкерлер мен айналадағы адамдар шошып қарап тұрды. Бұл – тірі жан, жүк емес. Жануарларға қалай бұлай жауапсыз қарауға болады? Мысығым қатты қорқып қалған, ал мен мұндай “қызметке” таңғалып, ашуландым. Егер сіздер жануарларды тасымалдауға жауапкершілік алсаңыздар, олармен адамша қарым-қатынас жасауды үйреніңіздер", – дейді жазба авторы.

Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары жануарларды тасымалдауға нақты кім жауапты екені – әуе компаниясы ма, әлде әуежай қызметкерлері ме деген мәселеде пікір таластырып, сондай-ақ өздерінің ұқсас оқиғаларын да бөлісті.

"Бұл – қауіпсіздік ережелерін айқын бұзу және жануарға қатыгездік таныту. Бұл әрекетке қатысы бар қызметкерлерді анықтап, тек айыппұл салмай, жауапкершілікке тарту керек", – деп жазды желі қолданушыларының бірі. 

Тағы бір желі қолданушысы жүкті тиеу мен түсірумен әуежай қызметкерлері айналысатынын атап өтті.

"Жүкті тиеу мен түсірумен әуежай қызметкерлері айналысады. Сол жерде жүк бөлімінің әрекетіне шағым жазып, әуе компаниясының өкіліне хабарлау керек еді", – делінген пікірде.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқаны хабарлады.

"Аталған дерек бойынша Алматы қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша заңға сәйкес құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Қазақстанда жануарларды ұшақпен тасымалдау ережелері әуе компаниясына байланысты әртүрлі болады. Әр тасымалдаушыда үй жануарларының салмағына қатысты шектеулер қарастырылған.

Мәселен, Air Astana әуе компаниясында салон ішінде салмағы тасымалдау қорабымен бірге 8 келіге дейінгі ұсақ жануарларды алып өтуге рұқсат етіледі. Егер үй жануарының салмағы бұдан ауыр болса, ол жүк бөлімінде тасымалданады. Жалпы рұқсат етілетін ең жоғары салмақ тасымалдау қорабымен бірге 50 келіге дейін жетеді.

FlyArystan әуе компаниясында да осыған ұқсас ережелер қолданылады. Ұшақ салонында жалпы салмағы тасымалдау қорабымен бірге 8 келіден аспаса мысықтарды, ұсақ иттерді және тасбақаларды тасымалдауға болады. Ал салмағы ауыр жануарлар, яғни 50 келіге дейінгілері жүк бөлімінде тасымалданады.

Scat әуе компаниясында ережелер қатаңдау. Бұл компанияда кәдімгі үй жануарларын салонда тасымалдауға рұқсат берілмейді. Ерекше жағдай ретінде тек көру немесе есту қабілеті шектеулі жолаушыларды алып жүретін қызметтік иттерге ғана рұқсат етіледі. Қалған барлық жануарлар тек жүк бөлімінде тасымалданады, ал олардың ең жоғары рұқсат етілетін салмағы тасымалдау қорабымен бірге 50 келіге дейін болуы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін SCAT әуе компаниясы қазақстандық әйелді рейстен түсіріп, итінің торын сындырып тастағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 20:46