Спорт министрі Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайды өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр Zakon.kz тілшілеріне берген сұхбатында 2026 жылдың ақпанына дейін спортшы алдыңғы олимпиадалық цикл бойынша келісімшартқа сәйкес төлемдер алып келгенін айтты. Олимпиада аяқталғаннан кейін бұл келісімшарттың күші жойылған, ал жаңа цикл үшін тараптар жаңа келісімшартқа қол қоюы тиіс болған.
Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоровқа оның олимпиада чемпионы ретіндегі мәртебесін ескере отырып, неғұрлым тиімді шарттармен келісім ұсынылған. Алайда бұл құжатқа әлі күнге дейін қол қойылмаған.
"Бүгінгі күнге дейін келісімшартқа қол қойылмады, себебі спортшы “Міндеттемелер” тармағымен келіспеген. Тараптар әзірге бір ортақ заңдық шешімге келе алмай отыр", – деді Мырзабосынов.
Оның айтуынша, даулы келісімшарт Шайдоров үшін арнайы әзірленбеген. Бұл – Қазақстанның ұлттық құрама спортшыларының барлығына, соның ішінде Олимпиада чемпиондарына, ойындар жүлдегерлеріне және әлем чемпиондарына да қолданылатын үлгілік келісімшарт.
Министрлік жаңа келісімшартқа қол қойылғаннан кейін мәнерлеп сырғанаушы соңғы үш айға тиесілі барлық төлемдерді толық көлемде алатынын атап өтті.
“Мемлекет олимпиада чемпионы алдындағы өз міндеттемелерінен бас тартпайды", – деді министр.
Сондай-ақ министр спортшы мен мемлекеттік құрылымдар арасында келіспеушілік бар деген болжамдарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, барлық мәселелер тек ұйымдастырушылық және құқықтық сипатта.
"Михаил Шайдоров – біздің мақтанышымыз, Қазақстандағы ең жарқын спортшылардың бірі. Мемлекеттің мұндай спортшыны қандай да бір түрде жазалау немесе оған кедергі келтіру мақсаты болуы мүмкін емес", – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр спортшының олимпиададан кейінгі сүйемелдеу қызметі қысқарды деген сөзіне де жеке тоқталды. Министрдің айтуынша, дәрігерлер мен массажистер спортшыларға оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезеңінде бекітіледі. Қажет болған жағдайда Шайдоровқа медициналық сүйемелдеу толық көлемде ұйымдастырылады. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанаушының жаттықтырушылар штабы өз жұмысын жалғастырып келеді.
Ал олимпиададағы алтын медаль үшін берілетін сыйақы міндетті рәсімдер аяқталғаннан кейін маусым–шілде айларында беріледі деп жоспарланған көрінеді.
Сонымен қатар министр Шайдоровқа "Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілгенін атап өтті. Тиісті бұйрыққа қол қойылған, ал төсбелгі мен куәлік спортшыға Астанада өтетін жеке кездесуде табысталады.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салсақ, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Министрлік төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу барысымен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.
Оқыңыз