Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес айдан бері жалақы алған жоқпын": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров даулы мәлімдеме жасады

Михаил Шайдоров
Фото: Видеодан скриншот

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль алғаннан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спортшының сөзінше, қазір жаңа маусымға дайындықты бастайтын уақыт келді. Алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер шешілмегендіктен, ол дайындықты қалай жалғастыратынын түсінбей отыр.

Ол Олимпиададан кейін жалақысы жарияланғанына наразы болып, Туризм және спорт министрлігін сынға алған еді. Шайдоров оның дәл осы әрекеті қазіргі қаржылық мәселелерге себеп болуы мүмкін деп санайды.

“Менің жалақым жарияланған кезде, мұны құрметсіздік деп қабылдадым. Өйткені дерегі жарияланған жалғыз спортшы мен болдым. Басқа спортшылар болған жоқ. Сол арқылы менің, отбасымның, әкемнің еңбегін құнсыздандырып, бұл медальға өздерінің қатысы барын көрсеткісі келгендей болды”, – деді ол.

Оның айтуынша, Олимпиадаға дайындық бір жылдың ішінде аяқталатын жұмыс емес. Олимпиадалық цикл бірнеше жылға созылады, ал спортшы бұл жеңіске бес жыл бойы дайындалғанын жеткізді.

“Келесі Олимпиадаға дайындықты қазірден бастау керек. Бұл – күн сайынғы жұмыс. Бір жылдың ішінде Олимпиада чемпионын дайындау мүмкін емес. Ондай болмайды”, – деді спортшы.

Ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алғаннан кейін ғана нақты қолдау көре бастағанын айтты. Сол кезде бағдарламаларын қоюға, костюмдерін тігуге қаржы бөлінген. Алайда спортшының сөзінше, мұндай шығындар бірнеше жыл бұрын жоспарлануы керек еді.

Спортшы жарияланған есепте тек 2025 жылға қатысты ақпарат көрсетілгенін, ал оған дейінгі дайындық кезеңіндегі шығындар назардан тыс қалғанын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін бағдарлама қою, костюм тігу сияқты шығындарды өзі және демеушілер есебінен жапқан.

“Есепте тек 2025 жыл көрсетілді. Алдыңғы екі-үш жыл туралы ештеңе жоқ. Ол кезде жағдай мүлде басқаша еді. Бағдарламалар, костюмдер – бәрін өзім төледім, демеушілердің көмегімен жаптым”, – деді ол.

Спортшының айтуынша, жалақысының жарияланғанына қатысты пікір білдіргеннен кейін жағдай күрделене түскен. Ол мұны өзін жазалау әрекеті сияқты қабылдайтынын жасырмады.

“Мен бұған қатысты пікір білдіргеннен кейін, мені бір жағынан жазалағысы келгендей болды. Бес айдан бері жалақы алмай жүрмін. Мен ғана емес, бүкіл командам жалақысыз отыр”, – деді Олимпиада чемпионы.

Оның сөзінше, қазір жаңа маусымға дайындық басталып кеткен. Жаттығу жиындары мен жаңа бағдарламаларды қою мерзімдері жоспарланған. Алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі толық шешілмеген.

“Қазір келесі маусымға дайындалуым керек. Жаттығу жиындары, бағдарламалар бойынша жоспар бар. Бірақ бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа нәрсе айтады. Жалпы жағдай маған түсініксіз”, – деді ол.

Спортшы 1 ақпаннан бастап ресми дәрігерлік бақылаудан да айырылғанын жеткізді.

“1 ақпаннан бері менде ресми түрде дәрігерлік бақылау жоқ. Бұл да түсініксіз әрі жағымсыз жағдай”, – деді ол.

Сонымен қатар спортшы қала тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты. Оның сөзінше, әкімдік мұз айдынын бөліп берген, сондай-ақ өзіне жеке киім ауыстыратын бөлме қарастырылған.

"Әкімдікке рақмет. Маған мұз айдынын бөліп берді. Қазір менің өз киім ауыстыратын бөлмем бар. Бұл менің арманым еді. Қала мені барынша қолдауға тырысып жатыр”, – деді ол.

Ол дау-дамай мен шуды қаламайтынын, басты мақсаты – дамып, ел намысын қорғау екенін атап өтті.

“Мен жай ғана дамығым келеді, жай ғана сырғанағым келеді. Мен үшін еліміздің туын көтеру маңызды. Менің әлеуетім үлкен. Осындай жағдайларды айтқым келмейді, бірақ кейде айтуға мәжбүр боласың. Өйткені мұны менің орныма жасап қойды. Енді адамдар ненің қалай болғанын біледі”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 10:56