Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматыдан 120 миллион теңгеге пәтер берілмек

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдаровқа Алматы әкімдігі 120 миллион теңгеге пәтер сатып бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласында бір пәтерді 120 миллион теңгеге сатып алу жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурс жариялаған. Тиісті хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған. Аталған сатып алуды Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жүзеге асырады. Ал конкурсты ұйымдастырушы Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы.
Құжатқа сәйкес, №16830586-1 конкурс аясында бір ғана лот қарастырылған. Лоттың нөмірі – 85877281. Сатып алынатын нысан – бір пәтер, саны – 1 дана. Оның құны қосылған құн салығын есептемегенде 120 миллион теңге деп белгіленген.
Техникалық ерекшелікке сәйкес, пәтер Алматы қаласының орталық бөлігінде орналасуға тиіс. Нақтырақ айтқанда, Жароков – Жандосов – Тұрғыт Озал – Абай көшелерінің квадратында болуы қажет. Сонымен қатар тұрғын үйдің ауданы 110-нан 120,5 шаршы метрге дейін, кемінде үш бөлмелі болуы шарт.
Тағы бір маңызды талап – тұрғын үй 2025 жылдан ерте пайдалануға берілмеуі тиіс және "комфорт" санатынан төмен болмауы қажет. Пәтер толық әрленген күйде тапсырылуы керек. Қабырғалар бояуға арналған түсқағаз, еден кемінде 33-класты ламинат, керамогранит, созылмалы төбе, жылы еден, сантехника, ішкі есіктер және электронды құлыппен жабдықталған металл кіреберіс есік қарастырылған.
Бір шаршы метрдің ең жоғарғы құны 995 850 теңге деп көрсетілген. Сатып алу шарттарына сәйкес, жеткізу мерзімі 2026 жылдың 15 шілдесіне дейін белгіленген. Жеткізу шарты – DDP (толық жеткізіп беру). Сонымен қатар, келісімшарт бойынша 30% мөлшерінде аванстық төлем қарастырылған. Кепілдік мерзімі – 24 ай.
Бұл жерде әңгіме жай ғана тұрғын үй сатып алу туралы емес, бастапқы нарықтан белгілі бір жайлылық деңгейі алдын ала айқындалған, әрлеу талаптары нақты көрсетілген кең пәтерді сатып алу туралы болып отыр. Сондықтан негізгі сұрақ тек рәсімнің заңдылығында ғана емес, мұндай шығынның бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі ұстанымдарға қаншалықты сәйкес келетініне де тіреледі.
Әкімдік не дейді?
Алматы қаласының әкімдігі аталған сатып алуға қатысты ресми түсініктеме беріп, 120 миллион теңгеге пәтер алу нақты құқықтық және әлеуметтік қажеттілікке негізделгенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, тұрғын үй 2026 жылы Милан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған спортшыны баспанамен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынбақ.
"Аталған шара "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы аясында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктердің бірі. Яғни, мемлекет жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшыларды қолдап, олардың ел абыройын халықаралық деңгейде көтеруге қосқан үлесін осылайша мойындайды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен, бекітілген бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылады. Ал пәтердің құны Алматы қаласындағы бастапқы тұрғын үй нарығына жүргізілген талдау негізінде қалыптастырылған", – деп жауап берді Алматы әкімдігі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, шығын бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану болып саналмайды. Керісінше, ол заңмен бекітілген міндеттемелерді орындауға және ұзақ мерзімді тиімділікке бағытталған. Атап айтқанда, жаңа әрі толық әрленген пәтер сатып алу қосымша жөндеу шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.
Талаптар неге дәл осындай?
Сондай-ақ әкімдік техникалық сипаттамада көрсетілген талаптар бәсекелестікті шектеуге бағытталмағанын алға тартты.
"Ресми жауапқа сәйкес, пәтер орналасатын аумақ (Жароков – Жандосов – Тұрғыт Озал – Абай көшелері аралығы) дамыған инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі және қалалық ортаның сапасы сияқты объективті факторларға байланысты таңдалған. Бұл аймақта ұқсас деңгейдегі тұрғын үйлер жеткілікті екені айтылды. Үш бөлмелі пәтер талабы қолданыстағы нормативтерге және алушының мәртебесіне сай белгіленген. Ал тұрғын үйдің жаңа болуы (2025 жылдан ерте емес) сапаны қамтамасыз ету және болашақта жөндеу шығындарын азайту мақсатында қарастырылған", – делінген әкімдік жауабында.
Әрлеу талаптары да бастапқы нарықтағы стандартты деңгейге сәйкес келеді. Яғни, пәтерді қосымша бюджет шығындарынсыз бірден пайдалануға мүмкіндік беру көзделген дейді әкімдіктегілер.
Баға белгілеу барысында нарықтағы ұсыныстарға талдау жасалып, балама нұсқалар қарастырылған. Әкімдік мәліметінше, арзанырақ ұсыныстар болғанымен, олар қойылған техникалық және сапа талаптарына толық сәйкес келмеген.
Еске салсақ, Олимпиададан кейін елге оралған Михаил Шайдоровқа Алматы әкімі Дархан Сатыбалды чемпионға және оның жеке бапкері Алексей Урманов үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді. Сонымен қатар әйелдер арасында ел намысын қорғаған Софья Самоделкина бір бөлмелі пәтер сертификатымен марапатталды. Айта кетейік, ол Олимпиадада үздік он спортшының қатарына енген еді. Бұдан бөлек, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасенова да бір бөлмелі пәтерге ие болды. Аталған сыйлықтарды Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы табыстаған.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматыдан 120 миллион теңгеге пәтер берілмек