Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атымды қаралауға тырысты": Михаил Шайдоров жалақысына қатысты дауға мәлімдеме жасады

Михаил Шайдоров
Фото: ҚР ҰОК, Сали Сабиров

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровдың жалақынасына қатыстына қатысты дау әлі де жалғасып жатыр. 2026 жылы Миланда өткен Олимпиадада Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы Спорт министрлігіне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спортшы Threads желісінде жазба жариялады. Ол Спортты дамыту дирекциясының мәлімдемесінен кейін үнсіз қалмай, өз ұстанымын ашық жеткізді.

“Ешқандай органмен дауласқым келмейді. Бірақ менің атымды көпшілік алдында қаралауға тырысқанына жол бере алмаймын. Жағдайға түсінік бергім келеді”, – деп жазды ол.

Михаил Шайдоровтың айтуынша, келісімшарттағы даулы тармақ бар. Спортшы 2026 жылдың соңына дейін жасалатын құжатта 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеті көрсетілгенін айтты.

“Келісімшарт мен сомаға келіспегендіктен немесе елге келуден бас тартқандықтан бекітілмей тұрған жоқ. Мұны солай көрсеткісі келеді. 2026 жылдың соңына дейін әрекет ететін келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеті жазылған. Біз командамызбен бұл тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз әрі мүмкін емес. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиаданы жеңе алмаймын. Осы сұрақтарды заңгерлерге қойып, тармақты қайта қарауды сұрадық. Бірақ бүгінге дейін бізбен байланысқа шыққан ешкім жоқ”, – деді чемпион.

Спортшы жалақы мәселесіне тоқталып, өзге де жоғары деңгейлі спортшылар сияқты, ол да Федерация мен Спортты дамыту дирекциясынан жалақы алатынын айтты.

“Федерациямен келісімшарт жасалған. Бірақ төлемдер Спортты қолдау қоры қаржыландыруды қарастырып жатқандықтан кешігіп отыр. Соның салдарынан мен де, командам да соңғы 5 айда жалақы алған жоқпыз”, – деп қосты ол. 

Ол бұл мәселені әдейі көпшілікке шығармағанын айтты. Сұхбат кезінде сұрақ қойылғандықтан, шындықты сол күйінде айтқанын жеткізді.

“Мен бұл тақырыпты көтеру үшін арнайы сұхбатқа барған жоқпын. Бірақ маған сұрақ қойылды, мен бар шындықты айттым. Мен өтірік айта алмаймын”, – деді Шайдоров.

Спортшы министрлік өкілдері айтқан “өмір бойғы мемлекеттік төлемдер” мәселесіне де түсініктеме берді. Оның сөзінше, бұл төлемдерді дәл қазір алу мүмкін емес.

“Министрлік жауап беруге асыққан сияқты. Өйткені бұл ақпарат толық дұрыс емес. Бұл төлемдерді мен 20 жыл еңбек өтілі болған кезде ғана ала аламын. Ал мен қазір 21 жастамын. Қазр бұл төлемдерге үміт артып отырған жоқпын. Мүмкін, болашақта сондай еңбек өтілін жинайтын шығармын. Бірақ қазір бұл туралы айтуға ерте. Алда көп жұмыс бар, оған жету керекә, – деді Михаил.

Шайдоров мәлімдемесінің ең өткір тұсы оның қазіргі дайындығына қатысты болды. Спортшының айтуынша, ол бір аптадан кейін, яғни 5 маусымда басталуға тиіс оқу-жаттығу жиынына баруы керек. Алайда жауапты ведомство әлі күнге дейін сметаны бекітпеген және билет те алынбаған.

Бұған қоса, ақпан айынан бері Олимпиада чемпионы медициналық сүйемелдеусіз қалғанын айтты.

“Бір ай бойы жаңа маусымға дайындық мәселеміз ескерусіз қалды. Бүгінге дейін нақты жауап та, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру да болған жоқ. Ал ұшуға бір апта ғана қалды. Маған сеніңіздер, егер осы уақытқа дейін Олимпиада алтыны үшін төлемдерімді алған болсам, дайындықты өз қаражатыма ұйымдастырып, бұл мәселені көпшілік алдына шығармас едім”, – деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі әлі күнге дейін қолына тимеген. Шайдоров бұл нормативті 2025 жылы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған кезде орындағанын, барлық рәсімнен өткенін, бірақ куәлікті алмағанын жеткізді.

Спортшыға салтанатты рәсімнің қажеті жоқ. Ол куәлікті пошта арқылы конвертпен жіберсе де алуға дайын екенін айтты.

“Бұл куәлік – менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, менің жетістігім және спорттағы мұрам”, – деді ол.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.

Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.

Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Ведомство төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу процесімен байланысты деп түсіндірді.

Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 16:51