Теңіз кен орнында апат болып, мұнай өндіру көлемі күрт төмендеген

26 мамырда Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны Теңіз кенішінде апат болып, соның салдарынан мұнай өндіру көлемі айтарлықтай қысқарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кеніштегі апат туралы алғашқылардың бірі болып Reuters басылымы хабарлады.
"Екі салалық дереккөздің мәліметінше, Chevron-ға қарасты Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнында 26 мамырда болған апат салдарынан мұнай өндіру көлемі күрт төмендеді", – делінген басылымның ақпаратында.
Екі дереккөздің мәліметіне сәйкес, бұрынғы оқиғадан кейін әрең қалпына келе бастаған Теңіз кен орнындағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 26 мамырда 5–10 мың тоннаға дейін төмендеген, ал қалыпты деңгейі шамамен 125 мың тонна (шамамен 995 мың баррель) болған.
"Жағдайдың сезімталдығына байланысты аты-жөнін көрсетпеуді сұраған дереккөздер апаттың нақты мән-жайы немесе оның себептері туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді, алайда өндірістің шамамен бір апта ішінде біртіндеп қалпына келетіні күтілетінін хабарлады", – делінген ақпаратта.
ОқыңызҚазақстанның энергетика министрлігі Теңіз кен орнындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Министрлік апат болғанын растап, апаттың мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуіне әкелгенін мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, қазір компания қажетті жедел шараларды қабылдап жатқан көрінеді, ал кен орнындағы мұнай өндіру үдерісі "қалпына келтіру кезеңінде".
"Қызметкерлер, халық және қоршаған орта үшін қауіп-қатер тіркелген жоқ. Қазіргі жағдай энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында", – деді энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Ал “Теңізшевройл" компаниясы бұл ақауды "елеусіз" деп атап, апаттың егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.
Айта кетейік, Теңізшевройл – Атырау облысындағы Теңіз және Королев кен орындарын игерумен айналысатын мұнай-газ кәсіпорны. Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі. Компания өндірген мұнайдың едәуір бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады.
Еске салсақ, бұған дейін “Теңізшевройл” компаниясына ауаны ластаушы шығарындыларды белгіленген нормадан асырғаны үшін 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғаны туралы жазған едік.