Михаил Шайдоров жалақысын алса, оны балаларға көмек ретінде жұмсайтынын айтты

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров маусымға дайындық үшін қаржыландыру мәселесі шешілсе, төленбеген жалақысын балаларға көмек ретінде бағыттайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Спортшы Threads желісінде жазба жариялады. Ол Спортты дамыту дирекциясының мәлімдемесінен кейін үнсіз қалмай, өз ұстанымын ашық жеткізді.
Михаил Шайдоровтың айтуынша, егер маусымға арналған қаржы бөлініп, оқу-жаттығу жиындары мен толық дайындықты ұйымдастыру мәселесі шешілсе, ол бірнеше ай бойы төленбей келген жалақысын Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылыққа жұмсамақ.
“Егер маусымға қаржыландыру алып, барлық дайындық пен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру мәселесі шешілсе, төленбеген жалақымның бәрін Балаларды қорғау күніне орай балаларды қолдау мен оларға көмек көрсетуге бағыттаймын деп шештім”, – деді Шайдоров.
ОқыңызОл бұл бастаманы өзін қолдаған қазақстандықтардың атынан жасалатын сый ретінде қабылдайтынын айтты.
“Бұл менің және мені қолдап отырған барлық қазақстандықтың атынан жасалған сый болсын. Балалар – біздің болашағымыз, оларды бағалауымыз керек”, – деп жазды спортшы.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Ведомство төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу процесімен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.