Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Румынияда Ресей дроны тұрғын үйге құлап, екі адам зардап шекті

Румынияға Ресей дроны құлады
Фото: meduzalive

Румынияда Ресейге тиесілі дрон тұрғын үйдің шатырына құлап, салдарынан өрт шығып, екі адам зардап шекті. Румыния билігі бұл жағдайды ауыр эскалация деп бағалап, НАТО мен ЕО-ға хабар берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Медуза порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 29 мамырға қараған түні Ресей Украина аумағына жасаған шабуыл кезінде қолданған ұшқышсыз аппараттардың бірі Румынияның әуе кеңістігіне кірген. Дрон Румынияның оңтүстік-шығысындағы Галац қаласында тұрғын үйдің шатырына құлаған. Өрт шығып, екі адам зардап шегіп, олар ауруханаға жеткізілген. Үй тұрғындары эвакуацияланған.

Радарда ресейлік дрондар пайда болғаннан кейін Румыния әуе күштерінің екі ұшағы мен бір тікұшағы әуеге көтерілген. Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, құлаған "Шахед" дронының жауынгерлік бөлігі соғылу сәтінде жарылған.

Румыния Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны Ресей тарапынан жасалған "ауыр әрі жауапсыз эскалация" деп атады. Бухарест ЕО елдері мен НАТО-ның бас хатшысына болған жағдай туралы хабарлап, Румынияға дрондарға қарсы құралдарды жедел жеткізуді сұрады. Сонымен қатар ел "қажет дипломатиялық шаралар қабылдайтынын" мәлімдеді.

Румыния президенті Никушор Дан бұл жағдайға Ресей жауапты екенін айтып, дрон тұрғын үйге құлағаннан кейін Жоғары қорғаныс кеңесінің шұғыл отырысын шақырды.

"Біз Ресей Федерациясына қатысты пропорционалды шаралар қабылдаймыз. Бұл оқиғаға толық жауапкершілік Ресейге жүктеледі. Галацтағы бүгінгі жағдай – Ресейдің Украинаға қарсы басталған агрессивті соғысының тікелей салдары. НАТО шекарасына өте жақын аймақта қару жүйелерін жауапсыз және таңдаусыз қолданудың және халықаралық құқықты жүйелі түрде елемеудің нәтижесі", — деді Дан.

Stan.kz
Жұма, 29 Мамыр, 2026 15:28