Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жаңа әуежайды салу кезінде Сингапур тәжірибесі пайдаланылмақ

Тоқаев пен Сингапурдің аға министрі
Фото: akorda.kz

Астанадағы жаңа әуежайды салу кезінде Сингапурдағы Чанги әуежайының тәжірибесі пайдаланылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Кездесуде Тоқаев Қазақстанда авиациялық хабты дамыту аясында Астанада жаңа заманауи әуежай салу жөнінде шешім қабылдағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл бағытта Сингапурдың озық тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.

“Чанги әуежайы әлемдік авиацияда "алтын стандарт" ретінде танылған. Тиімділігі жоғары әрі озық инновациялар енгізілген кешен жолаушыларға мінсіз қызмет көрсетеді. Біз жаңа жобаны іске асыруда осы тәжірибені ескеріп, авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз”, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасында жасанды интеллект және цифрландыру бойынша ықпалдастықты жандандыруды да ұсынды.

Әңгімелесу барысында Тоқаев Ли Сянь Лунның алғашқы сапары еліміз үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

“Осыдан 35 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылдың қыркүйегінде әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанға келді. Сол сапар өзара қарым-қатынасымыздың берік негізін қалаған еді. Біз Сингапур басшылығының көреген саясатын жоғары бағалаймыз. Қаржы, сауда, инновация мен технологияның жаһандық орталығына айналудағы жетістіктеріңіз таңғалдырады. Сіздің еліңіздің тәжірибесі бүкіл халықаралық қоғамдастыққа үлгі болып отыр”, – деді Тоқаев.

Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі жетістіктерді атап өтті. 

Тоқаев пен Сингапурдің аға министрі
Фото: akorda.kz

Кездесу соңында Тоқаев екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Ли Сянь Лунды I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады

Еске салсақ, бұған дейін Астанада жаңа әуежай салынатын орын таңдалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 22:58