Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қақтығыстың алдын алу арзанға түседі": Тоқаев Бакудегі саммитте Азия елдері үшін қауіпсіздіктің жаңа тетігін ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) 7-саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

Тоқаев саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдерістер орын алып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды. 

“Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Форум
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Әзірбайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін айтты. 

“Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады”, – деді Тоқаев. 
Илхам Әлиев
Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Тоқаев Әзірбайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаудың көлемін арттыру жөніндегі жоспары туралы айтты. 

“Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отыр. Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АӨСШК қызметіндегі экологиялық бағыттың маңызы арта түскенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.

"Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, бұл бастамалар инвестиция мен адам капиталы болмаса түбегейлі нәтиже бермейді

Тоқаев сөз соңында Әзірбайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездескені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 19:51