Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

Тоқаев пен Әлиев

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтып, саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

“Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірдегі бірегей жоба – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңызына тоқталды. Теңіз табанымен жүргізілген желі екі елдің цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліздің пайда болуына ықпал етеді. Осылайша, тұтас өңір тың мүмкіндіктерге қол жеткізеді”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жатқанын мәлімдеп, өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның энергия ресурстарын Әзірбайжан арқылы тасымалдау ауқымын ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық нығайып, білім беру, туризм салаларындағы әріптестік кеңейе түскенін және парламентаралық ынтымақтастық жанданып келе жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзірбайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға бейіл екенін растады.

Артынша Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты.

Кездесу
Фото: akorda.kz

Президенттер Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты.

Жобаны "Қазақтелеком" АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. 

Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі саналады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін.

Тоқаев жобаны іске қосу рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты.

Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу арқылы Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.

Келіссөз
Фото: akorda.kz

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметтері арасында қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді алмасу рәсімі өтті

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Бакуде өтіп жатқан саммит аясында Израиль президенті Ицхак Герцогпен кездескені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 19:26