Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жерді заңсыз иемденіп, құрылыс салғаны үшін 90 мың теңге: Таразда сауда орталығының иелеріне айыппұл салынды

Құрылыс
Фото: depositphotos.com

Тараз қаласында сауда орталығына заңсыз қосымша құрылыс салған компанияға 90 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот материалдарына сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде компанияның өзіне тиесілі жер учаскесінің шекарасынан тыс аумақта қосымша құрылыс жүргізгені анықталған.

Нақтырақ айтқанда, сауда орталығына салынған қосымша құрылыс жер учаскесінің шекарасынан 4 метрге шығып кеткен. Құрылыстың ұзындығы қасбет жағынан 42 метр, ал артқы жағынан 47 метр болған. Сонымен қатар компанияның нысанды салуға қажетті құжаттары болмаған.

Компанияның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, тараптардың түсініктемелерімен және істің басқа да материалдарымен расталған.

Сот отырысында ЖШС өкілі кінәні толық мойындаған. Оның айтуынша, компания қосымша жер учаскесін беру және оған қатысты құқықтарды заңдастыру мәселесі бойынша қала әкімдігіне өтініш білдірген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне құрылысты мәжбүрлеп бұза отырып немесе бұзбай, 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Сот кінәні мойындауды, құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын, жер учаскесіне құқықтарды заңдастыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30%-ға төмендеткен.

Нәтижесінде "Д" ЖШС кінәлі деп танылып, заңсыз тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзбай, 90 мың теңге айыппұл салу туралы қаулы шығарылды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстауда кәсіпкер бұрыннан бар демалыс базасының құрылысына деп мемлекеттен 117 миллион теңге алғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 20:31