Маңғыстауда кәсіпкер бұрыннан бар демалыс базасының құрылысына деп мемлекеттен 117 миллион теңге алған
Маңғыстау облысында жеке кәсіпкер демалыс базасын салуға арналған 117,2 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу барысында "А" ЖК өкілінің Маңғыстау облысында демалыс базасын салуға 117,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны анықталды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, бұл үшін жұмыс көлемін әдейі асыра көрсететін жалған жобалық-сметалық құжаттар пайдаланылған.
Мәлімделген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған, ал туристік нысан мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенге дейін-ақ салынып қойғаны белгілі болды.

Прокуратураның мәліметінше, жымқырылған бюджет қаражаты қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында банк депозитіне салынған. Соның нәтижесінде қосымша 5,6 миллион теңге табыс алынған.
Ақтау қалалық сотының үкімімен "А" ЖК өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте 12 кәсіпорын сүт өндірмесе де мемлекеттен 5 миллиард теңге субсидия алғаны туралы жазған едік.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)