Алматы облысында бұрынғы депутат 2,6 млрд теңге субсидия жымқырды деген күдікке ілінді

Алматы облысында элиталық таңқурай көшетін егеміз дегендер бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия алған. Алайда тергеу мәліметінше, құжаттағы көшеттердің көбі іс жүзінде жеткізілмеген, ал бөлінген қаржының бір бөлігі қор нарығына, микроқаржы ұйымына және казиноға кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, заңсыз схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін және мемлекеттік субсидия алу тәртібін жақсы білген ол бюджет қаржысын заңсыз иемденудің тұрақты жолын құрған.
Схеманы жүзеге асыру үшін күдікті өзіне қарасты кәсіпорындарды, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
ОқыңызУәкілетті органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызу үшін элиталық таңқурай көшеттері сатып алынды деген жалған құжаттар ұсынылған. Мәліметтерді шынайы етіп көрсету мақсатында сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрон шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау құжаттары рәсімделген.
Алайда тергеу барысында құжатта көрсетілген көлемде көшеттердің іс жүзінде жеткізілмегені анықталды. Сондай-ақ кейбір шаруа қожалықтарының өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмаған.
Соның салдарынан бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.
ҚМА деректеріне сүйенсек, заңсыз алынған қаражаттың 491 миллион теңгесі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Бұл үшін күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, сол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.
“Бұдан бөлек, тағы 400 миллион теңге уақытша қаржылай көмек көрсету деген желеумен “iSolutions Capital” микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған”, – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, күдікті жымқырылған қаржының 170 миллион теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.
Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды.
Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында фермер жоқ сиырлар үшін 250 миллион теңге несие алып, жеке мақсатына жұмсағаны хабарланған еді. Тергеу мәліметіне сүйенсек, “Ыкыбай” шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар арқылы ірі қара мал сатып алмақ болып, жалпы көлемі 250 миллион теңгеден асатын екі несие рәсімдеген. Бірақ алынған ақша шаруашылықты дамытуға емес, жеке қажетіне жұмсалған.
Сонымен қатар құжатта кепілге қойылды деп көрсетілген мүлік пен малдың шын мәнінде сатып алынбағаны анықталған.
Осының салдарынан мемлекетке 211 миллион теңге шығын келген. Тергеу кезінде күдікті бұл шығынды толық өтеген.
Вице-президент кім болуы мүмкін және қандай қызмет атқарады: Саясаттанушылар болжамын айтты