Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында фермер жоқ сиырлар үшін 250 миллион теңге несие алып, жеке мақсатына жұмсаған

Ірі қара мал

Фото: Freepik.com

Абай облысында фермер жоқ малға 250 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен “Агробизнес” жобасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл жоба фермерлік шаруашылықтарды қолдауға арналған. Яғни, мал шаруашылығын дамытып, агробизнесті ілгерілету үшін жеңілдетілген несие беру қарастырылған.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, “Ыкыбай” шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар арқылы ірі қара мал сатып алмақ болып, жалпы көлемі 250 миллион теңгеден асатын екі несие рәсімдеген. Бірақ алынған ақша шаруашылықты дамытуға емес, жеке қажетіне жұмсалған.

Сонымен қатар құжатта кепілге қойылды деп көрсетілген мүлік пен малдың шын мәнінде сатып алынбағаны анықталған.

Осының салдарынан мемлекетке 211 миллион теңге шығын келген. Тергеу кезінде күдікті бұл шығынды толық өтеген.

Қазір оған елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.

ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Мамандардың айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қолдауға деген сенімге сызат түсіреді. Соның кесірінен адал еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің мүмкіндігі шектеліп, тұтас саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 09:51