Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

670 миллион теңгеден асты: Алматы облысында екі ауыл шаруашылық компаниясы субсидияларды заңсыз алып отырған

агроөнеркәсіп
Фото: Pixabay.com

Алматы облысында субсидияларды жымқыру және жалған шот-фактуралар жазып беру фактілері бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің материалдарына сәйкес, "Бағдәулет и ПК" және "Амантау-2023" басшысы екі жыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып отырған.

“Ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу туралы жалған мәліметтер ұсынылған. Жалған құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам субсидия заңсыз төленген. Алайда кооперативтерде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін қажет өндірістік қуаттар, жабдықтар, жұмысшылар және өзге де ресурстар болмаған”, – делінген хабарламасында.

Сонымен қатар тергеу барысында жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында пайдаланылған "ComputerService" ЖК арқылы жалған электронды шот-фактуралар жазып беру схемасы анықталды.

Нәтижесінде бюджетке төленбеген салық сомасы 416 миллион теңгеден асты.

Қылмыстық схемаға қатысқан екі адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекетке тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 12:07