Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореядан келген турист Алматыдағы бағаларға таңғалды

Оңтүстіккореялық турист
Фото: Видеодан скриншот

Оңтүстік Кореядан келген турист Син Гоын Алматыдағы азық-түлік пен қоғамдық тамақтану орындарының бағасын Сеулдегі бағалармен салыстырып, таңданысын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода ол Алматыдағы мейрамханалардың біріне барғанын айтады. Онда тамақтануға 9 мың теңгеден астам ақша жұмсаған. Бұған қоса, шотқа қызмет көрсету ақысы ретінде тағы 10% қосылған. Туристің айтуынша, тағамның мөлшері аз болған әрі дәмі де көңілінен шықпаған.

“Бағаны көріп, қатты таңғалдым”, – дейді турист Қазақстанға сапарынан алған әсерімен бөлісіп.

Кейін Син Гоын супермаркетке барып, азық-түлік бағаларын салыстырған. Ол көкөністердің бағасын салыстырмалы түрде қолжетімді деп бағалағанымен, жемістер әлдеқайда арзан болады деп күткенін жасырмады. Ал қарбыздың бағасы туристің көңілінен шыққан.

Оңтүстік Кореяда халықтың табысы Қазақстанмен салыстырғанда едәуір жоғары болғанымен, турист Алматыдағы кейбір тауарлар мен қызметтердің бағасы Сеулдегіден көп ерекшеленбейтінін байқаған.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге тең. Ал жарияланған мәліметке сәйкес, елде азық-түлік бағасы бір жылда 10,1% өскен. Тамыз айында азық-түлік бағасының жылдық өсімі 9,5% дейін баяулаған.

Еске салайық, бұған дейін әлемдік travel-блогерлер Қазақстанға келіп, еліміздің таңғажайып кадрларын көрсеткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 19:55