Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдік блогер Алматының әсем табиғатын көрсетіп, бір тәулікте 3 миллион қаралым жинады

Әлемдік блогерлер Қазақстанды аралап жүр
Фото: instagram.com/joe_hattab

Қазақстанға арнайы сапармен танымал шетелдік инфлюенсерлер келді. Олар Алматы және Маңғыстау облыстарын аралап, еліміздің табиғаты мен туристік әлеуетін миллиондаған аудиторияға таныстырып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шетелдік қонақтардың қатарында иорданиялық тревел-документалист Юсеф Хаттаб пен америкалық контент-мейкер Джошуа Платильеро бар. Юсеф Хаттабтың әлеуметтік желідегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асады. Ал Джошуа Платильероның Instagram парақшасында 8 миллионнан астам оқырманы бар. Ол желіде @megaamerican лақап атымен танымал.

Инфлюенсерлерге Қазақстандағы белгілі видеограф әрі саяхатшы Дастан Мұхамедрақым жол бастап жүр. Ол жақында WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығында “Әлемнің үздік travel-блогері” атанған еді. Оның табиғат пен саяхатқа арналған жұмыстары әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинайды.

Алдымен блогерлер Алматы облысының көрікті жерлерін аралады. Олар Қайыңды көлі, жайлау, дәстүрлі киіз үй, қазақтың ұлттық киімі мен саятшылық өнеріне қатысты кадрлар жариялады. Шетелдік қонақтар атқа мініп, бүркітшімен танысып, қазақы қонақжайлықты да ерекше атап өтті.

Желіде жарияланған видеолардың бірі бір тәуліктің ішінде 3 миллионға жуық қаралым, 200 мыңға жуық лүпіл жинаған. Көпшілік Қазақстан табиғатының тұмса сұлулығына тәнті болып, пікірлерде елімізге саяхаттап келгісі келетінін жазған.

Енді инфлюенсерлер Маңғыстау облысының ерекше табиғатын көрсетіп жатыр. Олар өңірдегі шатқалдар, тарихи әрі туристік орындар арқылы Маңғыстаудың өзгеше келбетін әлемдік аудиторияға таныстырмақ.

Қазақстандық қолданушылар да блогерлердің сапарын жылы қабылдады. Желіде көпшілік Дастан Мұхамедрақымға отандық туризмді насихаттап жүргені үшін алғыс айтып, “бір ведомствоның жұмысын жалғыз атқарып жүр “деп әзіл аралас пікір қалдырған.

“Біз Қазақстанның сұлулығын түсіруді жоспарлап отырмыз. Керемет контент күтіңіздер”, – деп жазды Дастан Мұхамедрақым әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шетелдік аудитория да Қазақстаннан жарияланған кадрларға жоғары баға беріп жатыр. Көпшілік еліміздің тыныштығы, табиғатының тазалығы, ұлттық болмысы мен қонақжайлығына ерекше қызығушылық танытқан.

Тревел-блогерлерге арналған турларға 168 млн теңге жұмсалады

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәліметінше, биыл Қазақстанда блогерлер, журналистер және туризм саласының өкілдеріне арналған ақпараттық турларды ұйымдастыруға 168,8 миллион теңге бөлінген.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен туризмді дамытуға шамамен 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның бір бөлігі халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдері, блогерлер мен туризм индустриясының мамандарына арналған ақпараттық турларды өткізуге жұмсалады.

Мұндай сапарлар Қазақстанның көрікті жерлерін әлемдік аудиторияға танытып, елдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

“Халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдері, блогерлер, туризм индустриясының мамандары және басқа да қатысушылар үшін ақпараттық турларды ұйымдастыруға және өткізуге 168,8 млн теңге қарастырылған”, – делінген министрдің жауабында.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 15:45