Алматыда такси жүргізушісі туристерге өз бағасынан 16 есе қымбат қызмет көрсеткен
Алматыда шетелдік туристке жолақы құнын 16 есе көтерген такси жүргізушісі сот алдында жауап береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы әуежайынан таксимен 2 мың теңгеге жетуге болатын жол австралиялық турист үшін 32 мың теңгеге түскен. Соның салдарынан шетелдік турист жолақы үшін бастапқы бағадан 16 есе көп ақша төлеуге мәжбүр болған. Алайда мәселе мұнымен аяқталмаған. Полиция такси жүргізушісінің ізіне түскен.

“Бұл кісі Аустралиядан келген қонақты аэропортта 2000 теңгеге келісіп алып келіп, жеткізген кезде 32 000 теңге сұраған.Бермеген жағдайда заттарын бермеймін деп бопсалаған. Бэн мәжбүр болып ақшаны Ip Baydusenov-қа картамен салды. Соншалықты қонақжайлылығымыз осы ма?”, – деп жазды Threads қолданушысы.
Аталмыш оқиғаға Алматы қаласының полиция департаменті пікір білдірді. Өз жауабында материалды қарау және шешім қабылдау үшін тиісті юрисдикцияға сәйкес сотқа жолданғанын мәлімдеді.
"Аталған факт бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізу материалдары жиналды", – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Егер сот жүргізушіні кінәлі деп таныса, оған 64 мыңнан 173 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Алматы әуежайында шетелдік азаматтарға арнайы такси тұрағына жүгінуге кеңес береді. Ол жерден ресми агрегаторлардың қызметін пайдалануға болады. Кейбірінде тіпті жүріп өткен қашықтықты ескере отырып, белгіленген тарифтер қарастырылған.
Ал автосарапшылар Қазақстанда такси саласында халықаралық компаниялар жеткіліксіз деп есептейді.
"Егер бізде екі-үш халықаралық агрегатор болса, адам олардың қайсысына хабарласуға болатынын білер еді. Мысалы, белгілі бір жерде ақпарат ілініп тұрар еді: мына немесе мына агрегатор арқылы такси шақыра аласыз. Міне, ұсыныс. Егер ондай мүмкіндік болса, ол бізде де жұмыс істейді”, – деді сарапшы.
Сарапшы Таиландта да осындай агрегаторлар жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
“Ол халықаралық деңгейдегі сервис. Ал неге олар бізге келмейді? Неге екенін білмеймін. Мүмкін, оларды кіргізбейтін шығар. Мүмкін, оларға жұмыс істеуге жағдай жасау керек шығар", – деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, жаңа агрегаторлардың нарыққа келуі бәсекелестіктің артуына ықпал етеді. Ал бәсекелестіктің күшеюі өз кезегінде такси бағасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін.
