Алматыда такси жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, жолаушы ауыр жарақат алды
Алматыда такси жүргізушісі рөлде ұйықтап кетіп, жол апатына ұшырады. Көлік жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған. Апат салдарынан жүргізуші мен жолаушы әйел ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасы 7 тамызда таңертең сауда орталықтарының бірінің маңында болған.
Hyundai жүргізушісі рөлде бірнеше секундқа көз ілініп кеткенін айтқан. Осы сәтте көлік жол жиегіне қарай ауып, тұрақта тұрған жүк көлігінің артқы бөлігіне соғылған. Соққыдан кейін жеңіл көлік бірнеше жолақты кесіп өтіп, жол қоршауына барып тірелген.
Апат кезінде негізгі соққы жолаушы отырған жаққа тиген. Көлік қатты майысқандықтан әйел салонда қысылып қалған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар оны көліктен арнайы құралдардың көмегімен шығарған. Жолаушы мен жүргізуші ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазір жол апатына байланысты тергеу басталды.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында болған жантүршігерлік жол апатынан сегіз адам зардап шеккені, оның ішінде балалар да бар екені хабарланған еді. Жол апаты Петропавл-Көкшетау автожолында, Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылының маңында болған. Mazda және Toyota Estima көліктері соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінде алты бала болған. Олардың барлығы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Әлеуметтік желіде жол апатының салдары түсірілген видео тарады. Авторының айтуынша, зардап шеккен жүргізуші көліктен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Сондай-ақ автокөліктің қозғалтқышы ондаған метрге ұшып түсіп, шетелдік жеңіл көліктердің өзі түкке жарамсыз болып қалды.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты
