"Қазатомөнеркәсіп" тоғыз айдағы қызметінің қорытындысын жариялады
"Қазатомөнеркәсіп" 2026 жылдың үшінші тоқсаны бойынша қаржылық есебін жариялады. Компанияның шоғырландырылған түсімі 1,4 триллион теңгеге жуықтап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өскен. Операциялық пайда 560 миллиард теңгеден асса, таза пайда шамамен 479 миллиард теңгені құрады.
Компанияның мәліметінше, есепті кезеңде уран өндіру көлемі 20,5 мың тоннадан, ал сату көлемі 14 мың тоннадан асқан. Бұл көрсеткіштердің екеуі де 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артқан. Сонымен қатар компанияның 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдары өзгеріссіз қалды.
Қазақстан әлемдегі бастапқы уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді. Ал оның 20%-ға жуығы "Қазатомөнеркәсіптің" үлесіне тиесілі. Дегенмен уран саласының ел үшін маңызы шикізат экспорттау мен кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерімен ғана шектелмейді.
Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың басынан бері "Қазатомөнеркәсіп" пен оның кәсіпорындары жұмыс істейтін өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға 13 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жобалар аясында мектептер, ауруханалар, балабақшалар, спорт және мәдениет нысандары салынып, жаңғыртылуда. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мен қалалық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген.
Пәтерақысын төлеуге көмек сұраған ақтаулық қызды ер адам зорлады деген күдікке ілінді