"Мұның бәрін Назгүл түсінеді": Азамат Сатыбалды жұбайынан басқа адамға көңілі ауғанын мойындады
Қазақстандық актер Азамат Сатыбалды мен оның жұбайы Назгүл Қарабалина ерлі-зайыпты арасындағы сенім мен түсіністік жайында сыр шертті. Журналист Айнұр Асанбердіге сұхбат берген өнер иелері шығармашылық ортадағы сезім мен шынайы махаббаттың аражігі туралы әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұхбат барысында журналист актерден жұбайынан өзге жанға көңілі ауған кездері болған-болмағанын сұрады. Ал Азамат Сатыбалды өнер жолында өзге жанға көңілі ауған сәттердің болғанын жасырмады. Дегенмен актер мұндай сезімнің жетегінде кетпей, оны шығармашылыққа ұштастыра білудің маңызды екенін алға тартты.
“Ер жігіт болғаннан кейін ондай ойлар болады ғой. Мен қазір өзімді періште етіп көрсетіп, ондай нәрсе болған жоқ деп айтпаймын. Әрине, өнер ортасында жүргеннен кейін, кейде шығармашылық шабытқа бөленгенде ондай сәттер болады. Бірақ оның бәрі шектен шығып, харам іске ұласпауы керек. Ондай сезімдерді дұрыс арнаға, рөлге бағыттау қажет. Мысалы, кейде сондай ғашықтық сезімге бөленген сәттерімде рөлдерім керемет шығады. Мұның бәрін Назгүл түсінеді, біледі”, – деді актер.
Бір шаңырақ астында өмір сүріп қана қоймай, бір өнердің айналасында еңбек етіп жүрген Назгүл Қарабалина да мұндай жағдайларға түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
Актриса сахнада көрерменді иландыра білу үшін кейіпкердің сезімін шынайы бастан кешіру қажет деп есептейтінін жеткізді. Алайда оны жеке өмірмен шатастыруға болмайды.
“Мен өзім де шығармашылық адамымын ғой, мұның бәрін түсінемін. Мысалы, ол бір рөлді ойнап жатса, сахнадағы серіктесінен өзі сомдайтын кейіпкерге қажет сезімді көрмесе, бәрі өтірік болып шығады. Оған эмоция керек. Бірақ бұл оның біреудің соңынан еріп кетті деген сөз емес. Бұл – шығармашылық ортада түсінікті мәселе”, – деді Назгүл Қарабалина.
Актриса театрда шығармашылық жұптардың көп екенін, олардың әрқайсысына күдікпен қарау өнер адамының еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін де атап өтті. Ал Азамат Сатыбалды жұбайының мұндай мәселелерді қызғанышқа ұластырмай, әзілмен қабылдайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Азамат Сатыбалды 28 жасында салған төрт қабатты зәулім үйін көпшілікке көрсеткені хабарланды. Өнер иесі баспанасын тұрғызу тарихын айтып, неліктен осы күнге дейін үйінің ішкі көрінісін өзгертпегенін түсіндірген еді.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді
