"Неге бір ғана бала туған?" Азамат Сатыбалдының жары орынсыз сұрақтарға жауап берді

Актриса, продюсер әрі режиссер Назгүл Қарабалина журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында отбасына байланысты орынсыз сұрақ қоятын адамдарға ренішін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер Азамат Сатыбалдының жары кейбір адамдардың “Неге бір ғана балаңыз бар?” деген сауалы өзіне ауыр тиетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай сұрақты адамның тағдырын, басынан өткен жағдайын білмей тұрып қою дұрыс емес.
“Маған “Неге бір бала туған? Басқа балалары жоқ па?” деген сұрақ қойып жатады. Мұны надан сұрақ деп ойлаймын. Оны надандық дейміз бе, білімсіздік дейміз бе. Бас-аяғын білмей жатып, бір нәрсе айтуды мен тіпті күнә деп есептеймін. Кім балаларым көп болса деп армандамайды? Менде де арман болды. Құдай солай берді, оған қарсы келе аламыз ба? Ұлымыз өсіп келе жатыр, оған шүкіршілік дейміз”, – деді актриса.
Назгүл Қарабалина жеке өмірге қатысты сұрақ қойғанда әр адамның тағдыры әртүрлі екенін ескерген жөн екенін айтты.
Өнер иесі сұхбат барысында жұбайы Азаматпен таныстығы туралы да әңгімеп берді. Актрисаның сөзінше, алғашында Азамат оған аса көңіл бөлмеген. Керісінше, болашақ жарына бірінші болып өзі ғашық болғанын жасырмады.
“Шыны керек, академияда оқып жүргенде Азамат мені онша ұнатқан емес. Азаматқа алғаш ғашық болған мен едім. Жасыратын ештеңесі жоқ. Азаматтың маған көңілі ауса екен, көрсе екен, байқаса екен деген сәттер болды”, – деді ол.
ОқыңызНазгүл Қарабалина сол жылдары Азаматқа арнап альбом жасағанын да еске алды. Онда актриса болашақта онымен шаңырақ көтеруді, оның ата-анасына қызмет етуді, бауырларымен жақсы қарым-қатынаста болуды армандап жазған.
“Азамат ол кезде басқа қызды ұнатып жүретін. Мен альбомыма “О, Алла Тағала! Егер де Азамат маған назар аударса, біз екеуіміз үйленсек, оның зейнеткер ата-анасына қарайтын едім. Оның көпбалалы жанұядан екенін білемін. Тоғыз ағайынымен жақсы қарым-қатынаста боламын. Маған тек екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші” деп жазатынмын”, – деді актриса.
Кейін бұл жазбаны Азаматтың оқып қойғанын айтқан өнер иесі сол сәттен кейін болашақ жарының көзқарасы өзгерген болуы мүмкін екенін жеткізді.
“Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Содан кейін ойланған болу керек. Ондай адам керек қой. Ол тек есеппен үйленді. Менің сезімім шынайы болды. Басында есеппен үйленді, қазір енді жақсы көреді”, – деді Назгүл Қарабалина.
Алматы мен Шымкентте тұрғын үй бағасы төмендеп кетті: Бұған не себеп