Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа туған сәби үсіп өлген: Баланың әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды

сәби
Фото: Видеодан скрин

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Семей қаласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында іске қатысы бар адамдар анықталып, оқиғаның мән-жайы белгілі болған.

Сот мәліметінше, сәби дүниеге келген соң ер адам оны көлікпен алып кетіп, қоқыс жәшігіне тастаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, нәресте тірі туған. Ол үсіп, суықтан қайтыс болған.

Сот отырысының қорытындысы бойынша ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (жас баланы өлтіру) кінәлі деп танылды. Сот оған осы бапта көзделген жалғыз жаза түрі – аса қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал баланың анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы (ананың жаңа туған баласын өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бапта төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот Қылмыстық кодекстің 55-бабын (Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау) ескеріп, әйелді екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Әйел жасаған қылмыс ауырлығы орташа санатқа жатады. Сонымен қатар оның ісі рақымшылық жасау туралы заңның талаптарына сәйкес келгендіктен, ол тағайындалған жазаны өтеуден босатылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Семейде қоқыс жәшігінен жаңа туған сәбидің денесі табылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 27 Қараша, 2026 15:32