Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қытайлық автокөліктерге арналған негізгі бөлшектер не үшін шығарылмай отыр

автозавод
Фото: kolesa.kz

Қазақстанда қытайлық автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектер өндірісін кеңейту жоспарланып отыр. Қазір елде шина, аккумулятор, қозғалтқыштың кейбір бөлшектері мен көлік орындықтары шығарылады. Алайда негізгі компоненттердің барлығын отандық кәсіпорындарда өндіруге нақты мерзім белгіленбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қазақстанда қандай автокөлік бөлшектері шығарылады?

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь жергілікті кәсіпорындар бірқатар автокомпонентті сериялық өндіруге қауқарлы екенін айтты.

Оның сөзінше, қазір Қазақстанда мынадай өнімдерді шығару мүмкіндігі бар:

  • автомобиль шиналары;

  • қозғалтқыш бөлшектері;

  • аккумуляторлар;

  • автобустарға арналған металл бөлшектер;

  • көлік орындықтары;

  • мультимедиялық жүйелер;

  • электр сымдары;

  • доңғалақ дискілері;

  • автомобиль бояулары.

Дипломаттың айтуынша, Қазақстан нарығына 20-дан астам қытайлық автокөлік бренді шыққан. Олардың бірқатары көліктерін ел ішінде құрастырады. Атап айтқанда, Changan, Chery, Haval, Jetour, JAC және Li Auto маркалары Қазақстанда өндіріліп жатыр.

 

Негізгі бөлшектер өндірісі қашан басталады?

Қазақстан қытайлық көліктерге арналған негізгі бөлшектерді нақты қай жылы толық шығара бастайтыны әзірге белгісіз. Хань Чуньлинь бұл үшін белгілі бір мерзім атамады.

Оның айтуынша, өндірісті кеңейту нарықтағы сұранысқа, жеткізу тізбегінің тұрақтылығына және Қазақстан тарапынан белгіленетін талаптарға байланысты болады.

Алматыда да автокомпоненттер өндірісі дамып жатыр

Ал Алматыда автомобиль орындықтары мен мультимедиялық жүйелерді шығарылады. Көлік құрастыру кезінде Талдықорғанда өндірілген аккумуляторлар да қолданылады.

Осылайша, Қазақстанда автокөлік өндірісін жергіліктендіру жұмыстары басталып кеткен. Бірақ бөлшектердің ел ішінде шығарылуы олардың барлығы бірдей қытайлық брендтерге арналғанын білдірмейді. Өндірісті одан әрі кеңейту үшін кәсіпорындар мен автокөлік өндірушілер арасындағы жеткізу байланыстары қалыптасуы керек.

Қазір негізгі мәселе – Қазақстанда құрастырылатын көліктерге қажетті бөлшектердің қандай үлесін отандық кәсіпорындар өндіре алатыны. Бұл көрсеткіш артқан сайын импортқа тәуелділік азайып, ел ішіндегі автокомпонент өндірісі кеңеюі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда HOWO, Volvo және Mercedes маркалы жүк көліктерінің өндірісін дамыту жоспарланғаны хабарланған еді. Алматыда 2026 жылдың соңына дейін Volvo жүк тартқыштарын құрастыруды бастау көзделсе, Қарағанды облысындағы Саран қаласында құны 24 миллиард теңге болатын HOWO зауыты іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 10 мыңға дейін жүк көлігін шығаруға қауқарлы. Ал Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 27 Қараша, 2026 11:07