Ақтөбеде әйел ыстық су толған құдыққа құлап қаза тапты: Туыстары тергеудің қайта тоқтағанына наразы
Ақтөбеде 60 жастағы кітапханашы Гүлжамал Сатаева жұмысқа бара жатқанда ыстық су толған ашық құдыққа құлап, ауыр күйіктен көз жұмған. Арада бір жылдан аса уақыт өтсе де, марқұмның туыстары тергеудің екі рет тоқтатылғанына наразы. Олар істі қайта қарап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2025 жылы 18 шілдеде таңертең болған. 60 жастағы кітапханашы Гүлжамал Сатаева жұмысқа бара жатқан. Үйінен кітапханаға дейінгі жол бес минуттан сәл асатын. Алайда әйел жұмыс орнына жете алмады. Кітапханаға бірнеше қадам қалғанда ол коммуналдық қызмет мамандары жұмыс жүргізіп жатқан ашық құдыққа құлап кеткен.
Марқұмның әпкесі Гүлсім Сатаеваның айтуынша, оқиға болған жерде қоршау да, ескерту белгілері де болмаған.
Алғашқылардың бірі болып оқиға куәгері көмекке ұмтылған. Ол жедел жәрдем шақырып, жақын маңдағы дәмханадан су әкелген. Сонымен қатар Гүлсім Сатаеваға хабарласып, болған жағдайды жеткізген. Гүлсім зардап шеккен әпкесін жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізген.
Оның сөзінше, ауруханада өзін Aqtobe su-energy group компаниясы учаскесінің бригадирі Жанболат деп таныстырған ер адам да болған.
“Ол маған: “Апа, кешіріңіз, біз учаскені енді ғана аштық, қоршау да, ескерту белгілерін де орнатып үлгермедік” деп ашық айтты. Мен оған әпкеме бірдеңе болса, жауап беретіндерін ескерттім. Өйткені қоршау болмағанын өзі мойындап тұр”, – дейді марқұмның әпкесі.
Дәрігерлер Гүлжамал Сатаеваның өмірін сақтап қалу үшін он күн бойы күрескен. Алайда денесінің көп бөлігін күйік шалып, ауыр асқынулар пайда болған. 29 шілдеде әйел көз жұмды. Сот-медициналық сараптама оның өліміне күйік жарақаттары себеп болғанын растаған.
Жерлеу рәсімі кезінде марқұмның туыстарына Aqtobe su-energy group компаниясының өкілдері келген. Олар туған-туыстары мен көршілерінің көзінше кешірім сұрап, кінәларын мойындаған және қажет көмектің бәрін көрсететінін айтқан. Алайда отбасының сөзінше, алғашқы жетісі өткен соң компания өкілдері тарапынан ешқандай көмек болмаған.
Заңгерлік білімі бар Гүлжамалдың әпкесі Гүлсім қылмыстық істі қозғаған. Бірақ осыдан кейін көп ұзамай Aqtobe su-energy group өкілдері қайтадан келген. Гүлсімнің айтуынша, олар жұмыстан айырылып, түрмеге қамалуы мүмкін екенін айтып, отбасыға екі миллион теңге төлеуді ұсынып, медиациялық келісім жасауды сұраған.
“Мен адам өмірін ақшамен өлшеуге болмайтынын, мұндай мәселені жалғыз өзім шеше алмайтынымды айттым. Туыстарыммен ақылдасатынымды жеткіздім. Өйткені Гүлжамалдың артында докторантураға түсуге дайындалып жүрген қызы қалды”, – дейді марқұмның әпкесі.
Алайда медиациялық келісім жасалмаған. Кейін қылмыстық іс тоқтатылған.
Мұнымен келіспеген Гүлсім Сатаева прокуратураға шағымданған. Қадағалау органына арыз түскен соң іс қайта қозғалған.
Гүлсімнің сөзінше, ресми мекемелерде оған тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін мойындаған. Сонымен қатар қауіпсіздік қоршауы жұмыс басталмай тұрып орнатылуы керек болғанын айтып, істі сотқа жеткізуге уәде берген. Алайда бір айдан кейін қылмыстық іс екінші рет тоқтаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Гүлжамал Сатаеваның көру қабілеті нашар болған, көзі минус жеті көрсеткен. Сондықтан ол шұңқырды байқамай, өзі құлап кетуі мүмкін деген болжам жасалған. Оған қоса, істі тоқтату туралы қаулыда сол күні жұмысшылар әйелге “Тоқтаңыз!” деп айғайлап, ескерту жасағаны, бірақ оның ескертуді елемегені жазылған. Сонымен қатар жөндеу жүріп жатқан аумақта қоршау таспалары болғаны көрсетілген.
Алайда марқұмның туыстары тергеудің бұл нұсқасымен келіспейді. Гүлсімнің айтуынша, тергеу іс жүзінде тек коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің сөзіне сүйенген. Ал маңызды айғақтар мен куәгерлердің мәліметтері ескерусіз қалған.
Мәселен, құдықтың айналасында қоршау болмағанын айтқан негізгі куәгерлерден жауап алынбаған. Оқиға орнында бірнеше бейнебақылау камерасы болғанымен, олардың жазбалары да іске тіркелмеген.
“Коммуналдық кәсіпорын өкілдері оқиға орнында қоршау белгілері болғанын айтады. Бірақ мұны растайтын ешқандай дәлел жоқ. Бейнежазба да жоқ, тек сөз жүзінде айтып отыр. Жедел медициналық жәрдем ауруханасында кездескен Жанболаттан да жауап алынбаған. Әпкем есін жиған кезде сол күні күн ашық болғанын, бірақ шұңқырды байқамағанын айтты. Аяқ астындағы жер асфальт сияқты сұр болып көрінген екен”, – дейді Гүлсім Жәкешқызы.
Оның айтуынша, коммуналдық қызмет мамандары құдықтың үлкен қақпағын толық алып тастамай, шетін ғана босатқан. Гүлжамал сол қақпақтың шетіне басқанда, ол аударылып кеткен.
“Әпкем қайтыс болар алдында оқиға орнында ешқандай ескерту белгісі болмағанын айтты. Біз сол жердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын сұрап, Жанболаттан жауап алуды, беттестіру жүргізуді, көршілері мен әріптестерінен Гүлжамалдың көру қабілеті туралы сұрауды өтініп, талай рет өтініш жаздық. Жерлеу рәсіміне қатысқандардың бәрі коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің өз кінәсін мойындағанын растай алады. Бірақ бізді ешкім тыңдамады. Гүлжамалдың көру қабілетіне ғана жабысты. Ал әпкем ешқашан көзі нашар көретініне шағымданбаған”, – дейді ол.
Осы айда марқұмның отбасы қылмыстық істің тағы да тоқтатылғаны туралы ресми жауап алған. Осыған байланысты Гүлжамал Сатаеваның туыстары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне арыз дайындап жатыр. Олар істі жан-жақты әрі әділ тергеуді, тергеушілердің әрекетіне құқықтық баға беруді және кінәлілерді заң аясында жауапқа тартуды талап етпек.
Төрт мезгіл тамақ, киім мен жатын орын: Қазақстан баспанасыздарға қандай көмек береді