Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда жол апатынан 8 адам зардап шекті: Көлікте алты бала болған

Жол апаты балалар
Фото: Видеодан скрин

Солтүстік Қазақстан облысында болған жантүршігерлік жол апатынан сегіз адам зардап шекті. Оның ішінде балалар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты Петропавл-Көкшетау автожолында, Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылының маңында болған. Mazda және Toyota Estima көліктері соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінде алты бала болған. Олардың барлығы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. 

Әлеуметтік желіде жол апатының салдары түсірілген видео тарады. Авторының айтуынша, зардап шеккен жүргізуші көліктен бірнеше метр жерге ұшып кеткен. Сондай-ақ автокөліктің қозғалтқышы ондаған метрге ұшып түсіп, шетелдік жеңіл көліктердің өзі түкке жарамсыз болып қалды. 

"Жол апаты салдарынан Mazda көлігінің жүргізушісі және Toyota Estima көлігінің салонында болған жеті адам медициналық мекемелерге жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Жергілікті тұрғындар жол апатына да жеке тасымалдаушының қатысы болғанын айтып, қызу талқыға салды. 

Өңір тұрғындары бұған дейін де қосымшалар арқылы жүзеге асырылатын қалааралық жеке жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселесін бірнеше рет көтерген. Олардың айтуынша, жүргізушілер көбірек табыс табу үшін күніне бірнеше рейс жасап, жылдамдықты жиі асырады. Сондай-ақ олардың көлік тізгінінде отырып-ақ телефон қолданып, мессенджерлер мен арнайы тасымалдаушыларға арналған қосымшалардағы хабарламаларды оқып, жауап беріп үлгеретінін айтып қалды.

Полиция жүргізушілерге жолда белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, жол және ауа райы жағдайларын ескеруді, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шықпауды және көлік тізгінінде барынша мұқият болуды ескертті.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 08:19